Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, 1 шілдеден бастап электросамокат пайдаланушыларына жаңа талаптар енгізілген. Бұл талаптар кикшеринг қызметін көрсететін компанияларға да қатысты.
Қазір әртүрлі кикшеринг компанияларына тиесілі 9 мыңнан астам электросамокат тәркіленді. Қаладағы жол қауіпсіздігіне және жол жағдайына әсер ететін заңбұзушылықтар анықталып жатыр, – деді Салтанат Әзірбек.
Полиция өкілінің сөзінше, кикшеринг компаниялары самокаттардың қауіпсіз әрі талапқа сай қолданылуын қамтамасыз етуі керек. Көліктің техникалық жағдайы жарамды болып, сәйкестендіру нөмірі болуы тиіс.
Сонымен қатар электросамокатты тек кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар адам пайдалана алады. Кикшеринг компаниялары кәмелетке толмағандардың самокат пайдалануына жол бермеуі қажет.
Салтанат Әзірбек электросамокатты жол қозғалысына қатысатын толыққанды көлік құралы ретінде қарастыру керегін атап өтті.
Электросамокат – қауіп деңгейі жоғары көлік құралы. Оны дұрыс пайдаланбау жол қозғалысына қатысушылар мен жаяу жүргіншілерге қауіп төндіруі мүмкін, – деді ол.