Алматыда 82 жастағы мұғалім балаларға YouTube арқылы сабақ беруде
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 82 жастағы алматылық Райхан Нұрсейітова YouTube желісінен арна ашып, мектеп оқушыларына орыс тілінен сабақ өткізеді. Қазір оның виртуалды сыныбында 38 оқушы бар. Олардың қатары күн санап артып келеді, деп хабарлады «Хабар 24» арнасы.
Зейнеткердің айтуынша, онлайн-сабақтар қашықтан оқу барысында өте маңызды. Ол барлық сабағын шағын бөлмеде таспалайды. Онда тақта, бор, оқулықтар сынды сыныпқа қажетті барлық жабдықтар бар. Тек оқушылар жоқ. Олар – экранның арғы жағында.
Орыс тілін үйрену қиын болып жүрген балаларға көмектесу көптен бері ойымда жүр еді. Қолжетімді формада, кез келген тақырыпты түсінікті жеткізу арманым болатын. Соңында балаларым сабақтарыңды бейнекамераға түсірейік деді. Онлайн сабақтар ыңғайлы. Оқушы кез келген уақытта қажет тақырыпты тауып алып, менімен бірге дайындалады, - дейді тәжірибелі ұстаз.Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Райхан апай мектепте жарты ғасырға жуық білім берген. Зейнет жасында болса да әлі өскелең ұрпақты оқытып келеді. «Бұл – менің сүйікті ісім», - дейді өзі. Ұстаз жылдар бойы жинаған тәжірибесінің арқасында пән тақырыптарын түсінікті жеткізеді.
Мәселен, зат есімді алайық. Бұл тақырыпқа баланы қалай қызықтыруға болады? Сыныпқа кіргеннен бастап баланың назарын жаңа тақырыпқа аудару қажет. Мен кіре сала: «Балалар, менің артымнан зат есімдер келді. Олар қайда? Қане, маған зат есімдерді айтыңдаршы!» - деймін. Олар заттардың атын айта бастайды. Сабақ баланың есінде қалады, - дейді Райхан Нұрсейітова.Оның сабағы 8 минуттан аспайды. «Бұл – тақырыпты меңгеруге жеткілікті уақыт», - дейді. Ал сабақтан бос уақытында Райхан Нұрсейітова кесте тігумен айналысады. Енді бұл өнерін де балалармен бөліспек ниеті бар. Сондықтан YouTube-та жаңа шығармашылық жоба дайындауда.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
БҚО-да қуаңшылық салдарынан мал азығы жетіспей жатыр
Келесі жаңалық
ТЖМ қазақстандықтарға маңызды ескерту жасады
Өзгелердің жаңалығы