Алматыда 800 адам банкроттық рәсімдеуге өтініш берді
Алматыда 800 азамат банкроттық рәсімдеуге өтініш берді. Бұл туралы Алматы қаласы бойынша мемлекеттік Кірістер департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді деп хабарлады BAQ.KZ.
Өтінімдер Халыққа қызмет көрсету орталығында қабылданып жатыр. Салық органының мәліметінше, өтініш қабылдау мен борышкердің кіріс критерийлеріне сәйкестігі тұрғысынан мүдделі мемлекеттік және өзге де органдардың деректерімен автоматты түрде салыстыру ақпараттық жүйе арқылы жүргізіледі.
Ең бастысы, азаматтар бұл несие қарызының амнистиясы еместігін түсінуі керек, себебі өзін банкрот деп тану мынадай шараларға әкеледі:
– бес жыл ішінде несие ала алмайды (ломбардтардың микрокредиттерін алудан басқа);
– қайта банкроттық жеті жылдан кейін ғана мүмкін болады;
– қаржылық жағдайы банкроттықтан кейін үш жыл бойы тексеріледі. Төлем қабілетін қалпына келтіру кезінде мұндай шаралар болмайды.
Сонымен бірге ведомство банкроттықтан соң азаматтың несие рейтингі төмендейтінін түсініп, банкроттық туралы ойланып, нақты шешім қабылдауы қажет екенін ескертті.
Айта кетейік, соттан тыс банкроттық рәсімін қолдануға өтінішті ХҚКО арқылы ғана емес, eGov.kz. «Е-салық-Азамат» мобильдік қосымшалары арқылы онлайн жасауға болады.