Алматыда 8 жасар бала анасын іздеп интернаттан қашып кеткен
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда 8 жасар бала анасын тауып алу үшін арнайы интернаттан қашып кеткен. Түн ішінде жалғыз жүрген баланы жол-патрульдік полициясы Достық және Оспанов көшесінен тауып алған. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Ол қатты жылап жүрді, анық ештеңе айта алмады. Кейін барып қана баланың тілінде кемістігі бар екенін ұқтық. Біз оны уату үшін тәттілер, су сатып алып беріп, құшақтап, оның жалғыз емес екенін айттық. Кейін бала өз-өзіне келген соң, оның анасын іздеп арнайы интернаттан қашып кеткенін ұқтық. Ол «Жас Қанат» шағын ауданында тұратынын айтты. Бірінші кезекте біз кезекші "102"-ге қоңырау шалып, жоғалған бала туралы хабарлама келген, келмегенін біліп алдық. Бірақ баланы ешкім іздемепті. Кейін біз бала айтқан шағын ауданға баруды ұйғардық. Ақылды бала екен, өз ауданына келген соң үйін де, пәтерін де бірден тауып алды. Есікті анасы ашты. Ол ұлының интернаттан қашып кеткенін білмеген екен», - дейді инспектор Елдос Айнақұлов.
Баланың аты-жөні Алтынбек Нұрасыл. 2011 жылы туған, Алматының Түрксіб ауданында тұрады екен. Мамасының айтуынша, бала денсаулығына байланысты арнайы интернатта тұрып оқиды екен, тек демалыс күндері үйіне келіп тұрады.
«Маған интернаттан кеш қоңырау шалып «Нұрасыл үйге келді ме?» деп сұрады. Ол өз бетімен үйді таба алмайды, сол үшін қатты алаңдап кеттім, бірнеше минут өткен соң есіктің қоңырауы басылды. Ашсам, полицейлер, қасында менің ұлым да тұр. Мен бұл адамдарға ұлымды далада жалғыз қалдырып кетпегендері үшін шексіз ризамын. Зор алғысымды білдіремін», - деді баланың анасы Ақмарал Смаилова.