26 Қараша 2026, 10:14 Фото: Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы

Алматыда 72 жастағы әйелден 5 келілік алып кистома алынды

Әйел бұған дейін медициналық тексеруден өтпеген. Операция кезінде салмағы 5 келі, ішіндегі сұйықтығы 10 литрге жуық кистома алынған.

Алматы көпбейінді клиникалық ауруханасына ішінің төменгі бөлігіндегі тығыздалу мен ауырсынуға шағымданған 72 жастағы әйел түскен. Белгілі болғандай, ол бұған дейін медициналық тексеруден өтпеген. Бұл туралы Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.

Компьютерлік томография (КТ) нәтижесінде науқастың іш қуысының түгелге жуық бөлігін алып жатқан өте үлкен кистома анықталған.

Кистаның салмағы шамамен 5 келі, ал оның ішіндегі сұйықтық көлемі 10 литрге жуық болды, – деп жазылған ведомство хабарламасында.

Ісіктің көлемі, науқастың жасы мен клиникалық жағдайдың күрделілігі ескеріліп, операцияға түрлі сала мамандарынан құралған медициналық топ жұмылдырылған. Хирургиялық араласуды көпбейінді клиникалық аурухананың гинеколог дәрігерлері мен хирургтері бірлесіп жасаған.

Науқасқа медициналық көмек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында көрсетілді.