Алматыда 700 бірлік контрафактілік өнім тәркіленді

Алматы қаласының Әділет департаменті жалпы сомасы 2 миллион теңгеден асатын 700 бірлік контрафактілік өнім тәркілеп, көзін жойды. Заңбұзушылық құзырлы орган өкілдері жүргізген кезектен тыс 5 тексеріс нәтижесінде анықталған, деп хабарлайды BAQ.KZ Almaty.tv-ға сілтеме жасап.

Оның ішінде сапасы күмәнді, өндірісі белгісіз конструктор ойыншықтар мен автомобиль сүзгілері бар. 1 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында қалалық Әділет департаменті 5 тексеру жүргізіп, 5 құқықбұзушыға жалпы сомасы 356 мың теңгеге айыппұл салған. Одан соң тауар тәркіленіп, экологияға зиян келтірмейтін, арнайы сертификаты бар жерде жойылды.

Өздеріңіз көріп тұрғандай, танымал брендтердің тауар белгілерін жаныс пайдалану фактісі бойынша тексеріс кезінде тәркіленген заттарды жою шаралары жүргізіліп жатыр. Алматы қаласы Әділет департаменті Зияткерлік меншік бағыты бойынша Қазақстан Республикасының 158-бабына сәйкес тауар белгісін жаныс пайдалану бойынша кезектен тыс тексеріс жүргізеді. Сондай-ақ халыққа түсіндіру жұмыстарын қоса атқарады, – деді Әділет департаменті Зияткерлік меншік құқығы бөлімінің басшысы Еркебұлан Жетпісбаев.

Бүгінде жалған тауарлардың табысы артып, саудасы жүріп тұрғанын көпшілік біледі. Дүкендегі сөрелерде менмұндалап тұр. Мамандардың айтуынша, олар адал кәсіптің пайдасына айтарлықтай нұқсан келтіріп қана қоймай, халықтың экономикалық әл-ауқатын, денсаулығы мен қауіпсіздігіне зиянын тигізеді.

Айта кетейік, контрафактілік өнімдерден арылуға бренд иелері атсалысады. Компания жергілікті өкілі арқылы елдегі мемлекеттік органдарға немесе сотқа жүгінеді. Одан соң құқық иеленушінің арызы бойынша ғана құзырлы орган заңбұзушылыққа қарсы әрекетін бастайды.

Алдын ала болжамға сәйкес, қазір нарықтағы тауарлардың 50 пайызы – заңсыз тауарлар. Демек, дүкен сөрелерінде тұрған екі тауардың біреуі контрафактілік өнім деген сөз. Сараптама бойынша, қазір заңсыз әкелініп жатқан тауарлардың көбі Қытайдан келеді. Мұндай жағдайда кедендік бақылауды күшейту керек, – деді құқық иеленуші Жанат Нұрмағанбетов.

Айта кетейік, биыл Алматы қаласының Әділет департаменті осы бағытта жоспардан тыс 34 тексеру жүргізген. Нәтижесінде, тауар таңбаларын заңсыз пайдаланған жалпы сомасы 11 млн 340 мың 606 теңге болатын 11 мың 725 бірлік контрафактілік өнім тәркіленді. Сот шешімі бойынша құқықбұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 2 млн 245 мың 200 теңге айыппұл салынған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: видеодан скрин
Өзгелердің жаңалығы