Алматыда 7 көлдегі су деңгейін төмендету жұмыстары басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл Ақсай, Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бассейндеріндегі 7 көлді босату жұмыстары жүргізіледі. 

Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.

«Алматы маңында 45 мореналық және мұздық көл орналасқан, олардың ішінде аса қауіптісі – 12. Алматы қаласының аумағында селмен күресудің ең тиімді әдісі - мореналық көлдерді босату бойынша алдын алу жұмыстарын жүргізу. Биыл Ақсай, Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бассейндеріндегі 7 көлді босату жұмыстары ауа райының қолайсыздығына және таулы аймақтың төмен температуралық жағдайына байланысты бір ай кешірек басталды»,-деп хабарлады ведомстводан.

Алдын алу жұмыстарына барлығы 40 адам кірісіп, бульдозерлер іске қосылды, эвакуациялық каналдарды тазарту және тереңдету жұмыстарын жүргізу жоспарда бар.

«Суды қосымша айдау үшін арнайы понтондарда 10 бірлік өнімділігі жоғары су сору қондырғылары дайындалды. Сондай-ақ, су ағызу белгіленген сифонды құбырлар желілері бойынша жүзеге асырылады. №6 және 13 Бис көлдеріндегі екі сифон желісі автоматты түрде қосылды. Үлкен Алматы өзені бассейніндегі №8 және 13 Бис қауіпі бар көлдерде қосымша 2 желіні қосу жоспарлануда, ол үшін 2900 метр полиэтилен құбырлары дайындалды»,- деп атап өтті қалалық ТЖД баспасөз қызметінен.

Мореналық көлдердің жай-күйіне бақылау жүргізу үшін тұрақты негізде жұмыс істейтін 9 бекетке қосымша 10 биік таулы маусымдық бекеттер қойылған. Сел қаупі бар кезеңде барлығы 19 бекет жұмыс істейтін болады.

Сондай-ақ Төтенше жағдайлар департаменті сел қаупін автоматтандырылған мониторинг арқылы бақылайды.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы