Алматыда 6 жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені және спортшыларды даярлайтын орталық салынады
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Алматы қаласы Спорт басқармасының басшысы Дархан Нұрханұлының қатысқан кеңейтілген баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның айтуынша, 2026 жылы Алматы қаласы Спорт басқармасы спорт инфрақұрылымын одан әрі нығайтып, спорт нысандары қала тұрғындарына қолжетімді етуге күш салып жатыр.
Қазір «Шұғыла» мен «Авиатор» дене шынықтыру-сауықтыру кешені мемлекеттік сараптамадан сәтті өтті. Тағы екі нысан – «Шұғыла-2» мен «Қарасу» – жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, «Ақжар» мен «Саялы» дене шынықтыру-сауықтыру кешені мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Жалпы алғанда, 6 жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар 1935 жылы құрылған Спорттағы дарынды балаларға арналған арнаулы мектеп-интернат-колледжінің орнына жаңа ғимарат салу да жоспарда бар. Аталған нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы сараптамадан өткен, құрылыс құны 5,1 млрд теңге.
Бұдан бөлек, қалада жазғы олимпиадалық спорт түрлері бойынша толыққанды оқу-жаттығуға мүмкіндік беретін бірыңғай база жетіспейді. Осыған байланысты Абай – Розыбакиев көшесіндегі спорттық-жаттығу кешені базасында спортшыларды кешенді даярлауға арналған осы заманғы спорт орталығын құру жоспарланған. Бұл орталық жаттығулар мен жарыстар өткізуге арналған үлкен хабқа айналады.
Аталған бастаманың барлығы спортты жүйелі дамытуға, спортшылар үшін қолайлы жағдай жасап, қала тұрғындарын барынша белсенді өмір салтына тартуға бағытталған, – деді Дархан Нұрханұлы.