Бүгiн 2026, 14:21 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Алматыда 5%-бен ипотека беріледі: Кімдер баспаналы болады?

1 маусымнан бастап Алматыда жастарға арналған жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады.

1 маусымнан бастап Алматыда жастарға арналған жеңілдетілген тұрғын үй несиесін ұсынатын «Алматы Жастары» бағдарламасына өтінім қабылдау басталады. Құжаттарды 2026 жылғы 1–15 маусым аралығында kezekte.kz порталы арқылы тапсыруға болады.

Өтінім қабылдау мерзімі: 1–15 маусым

Өтініштер мен құжаттар 2026 жылы 1 маусым сағат 09:00-ден 15 маусым сағат 18:00-ге дейін қабылданады.
 
Өтінім беру тәртібі:

kezekte.kz → «Тұрғын үй сервистері» → Almaty Jastary. Порталға кіру үшін ЭЦҚ қажет.

Несие шарттары

- Ең жоғары несие сомасы - 20 млн теңгеге дейін;
 
- Пайыздық мөлшерлеме - 5%;

- Бастапқы жарна - 10%.
 
Қандай тұрғын үй сатып алуға болады?
 
Бағдарлама аясында бастапқы және қайталама нарықтағы тұрғын үйді сатып алуға болады. Бұл қатысушыларға бюджеті мен қалаған ауданына сәйкес нұсқаны таңдауға мүмкіндік береді.
 
Жас мөлшері және тіркеу
 
Бағдарламаға өтінім беру кезінде жасы 35-тен аспаған Алматы тұрғындары қатыса алады. Үміткерлердің Алматыда кемінде бір жыл тұрақты тіркеуде болуы міндетті.
 
Тұрғын үй мен еңбек өтіліне қойылатын талаптар
 
Қатысушының және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде меншігінде тұрғын үй болмауға тиіс. Сондай-ақ Алматыда кемінде 6 ай ресми еңбек өтілі және міндетті зейнетақы аударымдарының болуы қажет.
 
Қандай салалар қамтылады?

Бағдарлама келесі сала қызметкерлеріне арналған:

денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары, журналистика, әлеуметтік сала, құқық қорғау органдары және коммуналдық қызметтер. Сонымен қатар «Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасының жалға алушылары да қатыса алады.

 Анықтама телефоны: +7 (727) 225-14-57.

Еске салайық, бұған дейін жаңа салыққа қатысты баспана қымбаттай ма деген сұраққа сарапшы жауап берді