Алматыда 4 букмекерлік кеңсенің басшылары жауапқа тартылды
Нұр-сұлтан, BAQ.KZ. Жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша аумақтық департаменті «PariMatch», «ВК Triumph», «Фаворит» және «PROFITBetting» букмекерлік кеңселерінің басшыларын жауапкершілікке тартты. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл мекемелердің лауазымды тұлғалары заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін кінәлі деп танылды.
Тергеу букмекерлік кеңселердің басшылары заңды бизнеспен қатар, өз мекемелерінің ішінде жасырын онлайн-казино ұйымдастырғанын дәлелдеді. Сот үкімімен «PariMatch» БК және «BK Triumph» БК лауазымды тұлғаларына аз мөлшерде табыс алумен байланысты тиісінше 500 және 200 АЕК айыппұл салынды. «Фаворит» және «PROFITBetting» букмекерлік кеңселерінің басшылары өз қызметі кезеңінде аса ірі мөлшерде заңсыз кіріке ие болып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды - делінген хабарламада.
Қылмыстық істер бойынша сотталғандардан тәркіленген мүліктің жалпы сомасы 700 миллионнан астам теңгені құрады.
«Ойын бизнесі туралы» Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында ойын бизнесі саласында мынадай қызмет түрлерін жүзеге асыруға рұқсат етілген: казино, ойын автоматтарының залы, букмекерлік кеңсе, тотализатор.
Бұл ретте, электрондық казино мен интернет-казино қызметін жүзеге асыруға тыйым салынған.
Құмар ойындарды заңсыз ұйымдастыру және өткізу заңдылықты бұзумен ғана емес, ойыншыларда патологиялық тәуелділіктің дамуымен де байланысты.