Алматыда бір тәулікте 31 адам індет жұқтырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласының бас санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн брифинг барысында Алматы қаласындағы қазіргі эпидемиологиялық жағдай және коронавирус инфекциясын жұқтырған азаматтардың жай-күйі туралы айтты. 

Бүгінгі күні Алматы қаласы бойынша 793 жағдай тіркеліп отыр. Өткен тәулік бойы тағы да қосымша 31 жағдай қосылды. Сондықтан бір күннің ішінде 4 пайызға өскен. Аптаның басында осы көрсеткіш 15,6 пайыз болды. Соған байланысты біз жүргізіп отырған алдын алу шараларын күшейтудеміз. Вирус жұқтырған адамдармен қарым-қатынаста болған тұрғындарды анықтау үстіндеміз, - деді бас санитариялық дәрігер.

Сонымен қатар, ол осы ауруды анықтау мақсатында бірнеше әдістерді қолданып жатқандығын атап өтті. 

Оның біріншісі - ПТР диагностика арқылы. Осы әдіс бойынша 39 мыңнан астам зерттеу жүргізілді. Екіншісі экспресс-диагностика. Бұл әдіспен 19,5 мыңнан астам зерттеу жасалды. Осындай заманауи әдістер біздерге үлкен көмек беріп жатыр, - деді Жандарбек Бекшин.

Бұдан басқа Бекшин бірнеше алдын алу шаралары жасалып жатқандығын тілге тиек етті. 

Белсенді түрде дезинфекция шаралары жүргізіліп жатыр. Қала бойынша бір күннің ішінде 8 мыңнан астам кіреберістерге, 1300 үй алаңдарында дезинфекция жүргізілді. Бұл жұмыстардың барлығына 458 адам жұмылдырылды. Бұдан бөлек, қорғаныс қызметінен 500 адам көшелерді, аялдамаларды, қоғамдық орындарды залалсыздандыруда, - деді спикер. 

Бас дәрігер тұрғындарға таңертең де, кешкілік те үйден шығуға болмайтындығын ескертті. Өйткені өзін-өзі оқшаулау арқылы әрбір тұрғын өз өмірін коронавирус індетінен сақтап қала алатындығын айтты.  

Айта кеткен жөн, қазіргі күні стационарда 1460 науқас, үй карантинінде 8590 адам жатыр. Барлығы медициналық бақылауда. Карантинді қатаң түрде сақтайтын болсақ, ауру тарамайтын болады, - деп ескертті бас санитар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы