Алматыда 30 мыңнан астам оқушы бірінші сыныпқа қабылданды
Алматыда 12 мемлекеттік мектепте күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр, 178 мектепте ағымдағы жөндеу жүргізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
1 қыркүйектен бастап барлық автобустар қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, оқушыларды тасымалдайды. «Мектеп автобусы» жобасы іске қосылады.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева хабарлады.
1-сыныпқа қабылдау 1 тамызда аяқталды. Бүгінгі таңда 30 146 бала қабылданды, оның ішінде жекеменшік мектептерге баратын – 3 789 бала. Орта білім беру ұйымдарында пәндік кабинеттердің 75,6% жаңартылды. Мектептерде барлығы 847 пәндік кабинет оның ішінде 640 кабинет заманауи жабдықтармен жарақтандырылды, сонымен қатар 75 STEM және робототехника кабинеттері сатып алынды , – дейді Ләззат Жылқыбаева.
Сондай-ақ, ол жан басына шаққандағы қаржыландыру аясында тағы 147 кабинет, оның ішінде: 34 химия, 31 физика, 39 биология, 23 STEAM және 20 робототехника сатып алынғанын атап өтті.