Алматыда 30 мыңға жуық 1-сынып оқушысы оқуды бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Қалалық білім басқармасы жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Ақмарал Айтуарова айтты.

Жаңа оқу жылында қаладағы 207 мемлекеттік және 63 жекеменшік мектепте 290 мыңнан аса бала, соның ішінде 30 мыңға жуық 1-сынып оқушысы оқуды бастады. 
Эпидемиологиялық жағдайға байланысты балалар мен мұғалімдердің денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау мақсатында 206 мемлекеттік мектепте оқыту процесі қашықтан оқыту форматында басталды. Сұлусай ықшам ауданында шалғай орналасқан №197 жалпы орта мектебіндегі 60 оқушы штаттық режимде оқып жатыр. Қазіргі таңда қалалық бас санитардың қаулысына сәйкес қала мектептерінде ата-аналардың қалауы бойынша 1-2 сынып оқушылары үшін «кезекші сыныптар» ұйымдастырылды. Ата-аналар балаларын мектептің сыртқы есігіне дейін алып келеді және сабақ аяқталғаннан кейін сол жерден алып кетеді. Мектептер дезинфекциялық құралдармен толық қамтамасыз етілген. Ең бастысы сыныптағы бала саны 15-тен аспауы керек, - деді Ақмарал Айтуарова.
Оның айтуынша, тамыз айында 15 мыңнан аса мұғалім Kundelik.kz, Bilimland.kz, Microsoft.Teams білім беру платформаларын оқу процесінде қолдану бойынша курстан өтті. Сонымен қатар білім және ғылым министрлігінің ұсынысы бойынша қала мектептерінде 19 тамызда «Бірыңғай педагогикалық кеңес» өтті. 
1 қыркүйекте 279 мектепте онлайн режимде білім күніне арналған сабақтар өткізілді.
Алматы қаласының білім беру мекемелерінде қашықтан оқыту технологияларын қолдана отырып оқу процесін әдістемелік және цифрлық қолдау бойынша іс-шаралар жоспары әзірленді. Қаланың 56 үздік мұғалімімен бастауыш сыныптар үшін телесабақтар түсіріліп жатыр. Бұл сабақтар Балапан, Еларна телеарналарында көрсетілуде, - деді ол.
Бөлім басшысы Президент Қазақстан халқына Жолдауында айтқандай, балалар қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да сапалы білім алулары керек екенін айтты.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы