Алматыда 3-7 тамыз аралығында бірнеше ауданда жарық уақытша өшіріледі
Қалада төрт күн бойы бірнеше ауданда жарық болмайды.
Алматыда 3-7 тамыз аралығында қаланың бірнеше ауданында электр энергиясы уақытша өшіріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Алатау жарық компаниясы» жарық өшірілетін мекенжайлардың тізімін жариялады.
Компанияның мәліметінше, жоспарлы жұмыстар 3-7 тамыз күндері сағат 08:00-ден 17:00-ге дейін, ал кейбір учаскелерде 09:00-ден 17:00-ге дейін жүргізіледі.
Осы уақыт аралығында электр желілерінде мердігерлік жұмыстар, ағымдағы жөндеу, күрделі жөндеу және анықталған ақауларды жою жұмыстары атқарылады. Соған байланысты қаланың түрлі аудандары мен шағынаудандарында электр энергиясы уақытша сөндіріледі.
Энергиямен жабдықтаушы компанияның мәліметінше, бұл жұмыстар электр желілерінің сенімділігін арттыру және жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатыр. Жоспарланған жөндеу аяқталғаннан кейін электр қуаты қайта беріледі.