Алматыда 27 мыңнан астам азамат баспана кезегінде тұр
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда 27 797 азамат баспана кезегінде тұр. Бұл туралы Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Ермек Әміров онлайн брифинг барысында айтты.
Оның айтуынша, кезекте тұрғандардың 1770-і жетім балалар, 2605-і көпбалалы отбасы, 8009-ы толық емес отбасы, 1326-сы мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасы, 10 мыңнан астам бюджеттік ұйымдардың қызметкері, 3684-і халықтың әлеуметтік осал тобына жататындардар екен.
2020 жылы қаладағы 2926 отбасы баспанамен қамтылған. Бұл мемлекет тарапынан кезек арқылы алынған үйлер, оған қоса мемлекеттік және қалалық бағдарламалар іске асырылыпты.
Мемлекеттік тұрғын үй қорынан 429 үй жалға берілсе, «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша 457 баспана, «Бақытты отбасымен» 363, Кредиттік тұрғын үй бойынша 366 отбасы өз үйлеріне қоныстанды. Одан бөлек 29 жасқа дейінгі жастарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында 350 жалға алу үйі бөлінді. Ал, «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша 961 жас алматылық баспанамен қамтылды, - дейді Әміров.
Сондай-ақ ол осы жылы 8 мыңнан астам тұрғынды баспанамен қамтамасыз етуді көздеп отырғандарын жеткізді.
Атап айтар болсақ халықтың әлеуметтік осал топтарынан – 427, көпбалалы отбасылар – 452, «Шаңырақ» бағдарламасымен - 3578, Кредиттік баспанамен – 1411, «Алматы жастары» бағдарламасы аясында – 1000, Жұмыс істейтін жастар үшін жалдамалы баспана – 1050 және «Бақытты отбасы» бағдарламасымен – 374 отбасыны баспанамен қамтуды жоспарлап отырмыз, - деді ол.
Сонымен қатар ол қоғамдық пікірді ескере отырып, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және бизнес процестерді оңтайландыру, ашықтықты қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық қаупін болдырмау мақсатында бүгінгі таңда тұрғын үйге кезекте тұрғандарды есепке алудың Республикалық бірыңғай ұлттық жүйесі құрылғанын айтты.
Кезек толығымен электрондық үкімет порталына ауыстырылды (e.gov), бұл онымен айла-шарғы жасаудың кез-келген мүмкіндігін жоққа шығарды. Енді кез келген кезекте тұрған азамат ЭЦҚ болған жағдайда күн сайын өз кезегін қарап, оның алға жылжу динамикасын көре алады. Осылайша, бүгінгі күні кезекке қоюдан бастап пәтер беруге дейін тұрғын үйді бөлу процестерін ақпараттандыру толығымен аяқталды, - дейді Ермек Әміров.