19 Қараша 2026, 07:49 Фото: Алматы қаласы әкімдігі

Алматыда 2040 жылға қарай арық желісі 483 шақырымға дейін ұлғаяды

Бұдан бөлек, нөсер кәрізі жүйесі де салынады.

Алматыда ашық арық жүйесін сақтау және кеңейту мақсатында жаңа су арналары салынып, қолданыстағылары қайта жаңартылып жатыр.

Биыл қала аумағының үш бөлігінде жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, орталық бөлікте 76,6 шақырым, шығыс бөлікте 30,7 шақырым, ал батыс бөлікте 37 шақырым арық желісі салынды және жөнделді.

Алматының 2040 жылға дейінгі нақтыланған Бас жоспарына сәйкес, қалада ашық арық жүйесі сақталады. Су арналары мүмкіндігінше ашық күйінде қалуы тиіс. Тек ашық арна жүргізу мүмкін емес жерлерде ғана құбыр тартуға рұқсат етіледі.

2030 жылға дейін кемінде 100 шақырым арық желісін қалпына келтіру, сондай-ақ әл-Фараби және Абай даңғылдарының бойында жаңа магистральдық арналар салу жоспарланған. Ал 2040 жылға қарай ашық су бұру желісінің ұзындығы 290 шақырымнан 483 шақырымға дейін жеткізіледі.

Бұдан бөлек, нөсер кәрізі жүйесі де салынады. Ол арық желісін толықтырып, нөсер жауын кезінде, әсіресе ойпаң жерлер мен күрделі жол қиылыстарында жиналған суды ағызуға мүмкіндік береді.