Алматыда 2030 жылға дейін 948 ескі үй сүріледі

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. 2012-2015 жылдары арасында қала бойынша 21,9 мың шаршы метрді құрайтын 56 үй бұзылды. Нәтижесінде 469 отбасы басқа үйге қоныс аударды. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің Күрделі құрылыс кәсіпорны ЖШС бас директоры Әділ Бөрлібаев бүгін БАҚ өкілдерімен кездесу кезінде айтты.

Жиын кезінде мамандар Жандосов көшесі бойына салынған 6-шы үйдің пайдалануға берілгенін мәлімдеді. Бұл жерде жалпы 7 үй салынған,  оның  5-уі бұған дейін қолданысқа берілген, енді бірінің құрылысы әлі жалғасуда. 

«Бұл үйлер Жандосов көшесі бойындағы ескі үйлердің орнына тұрғызылды, яғни ескі тұрғын үйлерді бұзу 2012-2015 жылғы  бағдарламасы аясында салынды. Яғни, ескі үйдің тұрғындары жаңа пәтерге көшті.  Сонымен қатар, бұл үйлерге өзге аудандағы ескі үйде тұрып келген адамдар да көшіріледі. 2012-2015 жылдары арасында қала бойынша 21,9 мың шаршы метрді құрайтын 56 үй бұзылды. Нәтижесінде 469 отбасы басқа үйге қоныс аударды. Оның орнына жалпы аумағы 176 мың шаршы метрді құрайтын 58 жаңа үй салынды», - деді ол.

Ә. Бөрлібаевтың айтуынша, жаңадан салынған үйлер барлық талаптарға сай тұрғызылған. Көлік қоятын тұрағы, ойын алаңы бәрі ойластырылған. Сонымен қатар,  тұрғындарға барлық әрлеу жұмысы аяқталған, дайын күйінде беріліп жатыр. 

Сөз арасында ол ескі үйде тұрып келген тұрғындарға жаңа үйден пәтер беру шарттары қалай жүргізілгенін де айтты.

«Тұрғындарға жаңа үй беру кезінде олардың ескі пәтерінің шаршы метрі есепке алынды және оның үстіне тағы 10 шаршы метр тегін берілді. Өйткені ескі үйлердің бөлмелері кішкентай болып келеді. Одан кейін тұрғындардың әр қайсысымен жекелей келісім жасалды. Кейбірі бір бөлмеде тұрып келгенімен үлкендеу үйде тұрғысы келетінін айтып жатты. Олар қалған шаршы метр үшін төлем жасап, сатып ала алады», - деді ол.  

Сонымен қатар, ол осы маңдағы Сүлейменов көшесінде 5 ескі үй сүрілгенін, оның тұрғындарын да осы үйге көшіргендерін айтты.

«Қаладағы 1921-1962 жылдар арасында салынған ескі үйлер шетінен сүріліп, орнына жаңа үйлер тұрғызылып жатыр. Қала бойынша мұндай 948 үй бар, оның жартысы Түркісіб ауданында орналасқан, одан кейін Бостандық ауданында көп. Алматы қаласы мәслихатымен бекітілген 2012-2015 бағдарламасы аясында тек 56 үйді сүрдік. Қазір жаңа бағдарлама әзірленуде, сол бойынша қалған үйлердің орнына жаңасын тұрғызамыз. Оны қаржыландыру керек, оның үстіне тұрғындардың келісімі қажет дегендей, сондықтан бұл іс 2030 жылға дейін жалғасуы мүмкін», - деді ол. 

Жаңа үйдегі пәтерлер сондай-ақ Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы «Нұр жер» мемлекеттік бағдарламасымен де сатылып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы