6 Қазан 2026, 15:06 Фото: istockphoto.com

Алматыда 18 мыңға жуық адам психикалық денсаулық бойынша бақылауда тұр

Психиатрдың қабылдауына бару немесе Психикалық денсаулық орталығына жүгіну адамға бірден ауыр психиатриялық диагноз қойылады немесе есепке алынады дегенді білдірмейді. Бұл туралы Алматы қаласының бас штаттан тыс психиатры Наби Есімов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оның сөзінше, қоғамда психиатрға қаралған адам міндетті түрде арнайы есепке қойылады деген қате түсінік қалыптасқан.

Психикалық денсаулық орталығына келу немесе психиатрдың кеңесін алу адамды автоматты түрде есепке қоюға негіз болмайды. Мұндай шешім пациенттің келісімімен ғана қабылданады, – деді Наби Есімов.

Маманның айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, адамды тұрақты бақылауға алу үшін оның жазбаша келісімі қажет. Тек ерекше жағдайларда, яғни адам өзіне немесе айналасындағыларға қауіп төндірсе ғана бұл талап қолданылмайды. Алайда мұндай жағдайда да шешімді бір дәрігер емес, кемінде үш маманнан тұратын дәрігерлік-консультациялық комиссия қабылдайды.

Наби Есімов Алматы қаласының Психикалық денсаулық орталығында бүгінде шамамен 18 мың адам тұрақты бақылауда тұрғанын айтты.

Олардың арасында ең жиі кездесетін диагноздардың алғашқы үштігіне интеллектуалдық даму бұзылыстары, тұлғаның органикалық өзгерістері және шизофрения мен соған жақын психикалық бұзылыстар кіреді.

Маман психикалық денсаулық мәселелері бойынша көмекке жүгінуден қорықпау керектігін атап өтті. Оның айтуынша, дер кезінде алынған кәсіби көмек көптеген қиындықтың алдын алуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Алматыда психиатриялық көмекке жүгінетіндер саны көбейген. Биылғы тоғыз айда психикалық денсаулыққа қатысты қызметтерге жүгінгендер саны 45 мыңға жуықтаған. 

Ал аутизм диагнозы қойылған 1500-ден астам бала есепте тұр. Балалардағы психикалық денсаулыққа қатысты мәселелер кез келген жаста байқалуы мүмкін. Мамандар мұндай белгілерді ерте анықтау баланың болашақ дамуы үшін аса маңызды екенін айтады.