Алматыда 175 азаматқа жалға берілетін пәтер кілті табысталды
Алматыда баспана кезегінде тұрған 175 азаматқа жалға берілетін пәтер кілті табысталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Баспаналы болғандардың қатарында 1 және 2-топ мүгедектері, жетім балалар, көпбалалы және толық емес отбасылар, зейнеткерлер мен ардагерлер бар. Биыл шаһар әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен қаладағы коммуналдық тұрғын үй қорынан 2000 жалдамалы баспана бөлінген. Бүгінде оның 1600-ден астамына халық қоныстанып үлгерген.
Айта кетейік, алдағы уақытта заңнамаға өзгеріс енгізілсе, азаматтар бұл пәтерлерді сатып алу құқығына ие болуы мүмкін.
Пәтерлер дайын күйінде беріледі. Жылу, су-жарық бәрі қосылған. Кіре беруге, қоныстануға болады. Келісімшартпен көзделген жалдау ақысы бар. Ол жерде 1 бөлмелі пәтерге 10 мың теңге, 3 бөлмелі пәтердікі 20-25 мың теңге төлеуі керек, – деді коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Әбдішүкірұлы.