Алматыда 1600 адам емхана таңдау құқығын пайдаланған
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев онлайн-брифинг барысында айтты.
Елімізде қыркүйектің 15-нен бастап емханаға тіркелу науқаны жүріп жатыр, ол 15-ші қарашаға дейін жалғасады. Статикаға сүйенсек жыл сайын 300 мыңнан астам азамат осы науқанды пайдаланып, емхана таңдайды екен.Өткен жылдан бастап емханаға тіркелу e-Gov электронды үкімет порталы арқылы жүргізіліп келеді. Тіркелу үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет. Аралық статистикаға сүйенсек, бүгінгі күнге дейін Алматы қаласында 1600 адам емхана таңдау құқығын пайдаланған, - дейді Әбілдаев.Сонымен қатар, ол емхана таңдағанда қандай принциптерді ұстану қажеттігіне тоқталды.
Ең алдымен, тіркелетін емхана үйге жақын маңда болғаны дұрыс. Себебі, қай-қайсымыз да ауыра қалсақ бірден емханаға барамыз. Әсіресе, үйдегі жақындарымыз сырқаттанған жағдайда дәрігерлердің жедел көмек көрсетуіне қолайлы. Екіншіден, отбасылық принципті ұмытпаған жөн. Яғни, ата-ана да, балалары да бір емханаға тіркелгені дұрыс. Оның үстіне, жедел жәрдем саласындағы соңғы реформа бойынша қазір 4-санатқа жатқызылатын шақыртуларға жедел жәрдем қызметі емес, жергілікті емхана дәрігерлері барады, - деді ол.Бүгінгі таңда Алматы қаласында кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті мен медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде 73 емхана қызмет көрсетеді. Оның жартысына жуығы – жеке меншік екен. Яғни, тіркеу науқаны барысында тек мемлекеттік қана емес, жеке меншік емдеу ұйымдарына да тіркелуге болады. Тек таңдап алынған клиника Медициналық сақтандыру қорының базасына енген болуы шарт. Олардың толық тізімі Қордың fms.kz сайтында орналасқан.
Бір ескеретін мәселе, биылғы науқан кезінде басқа емханаға тіркелген тұрғындар таңдаған емхана қызметін 2021 жылдың 1-қаңтарынан бастап қана пайдалана алады. Яғни, жылдың соңына дейін бұрынғы емханаға қаралады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
ТЖМ қазақстандықтарға маңызды ескерту жасады
Өзгелердің жаңалығы