Демалыс күндері Алматыда 150 мыңға жуық адам жұмысын тоқтатады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алдағы демалыс күндері қалада 150 мыңға жуық адам өз жұмыстарын тоқтатады. Яғни, қала бойынша жұмыскерлердің үштен екісі жұмысқа шықпайды. 

Бұл туралы Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин онлайн брифинг барысында айтты.

Брифинг барысында ол таңертеңнен бері жұмысын тоқтататын бірнеше нысанда болып, қожайындарымен кездесу өткізгендерін мәлімдеді. 

Олардың ішінде ойын-сауық және сауда орталықтары бар. Мagnum, Small, Sulpak, Технодом сияқты ірі компаниялардың басшыларымен ақылдасып, негізгі шешімдердің барлығын жеткіздік. Олар үшін бұл - оңай емес, дегенмен түсіністік танытып отыр. Сонымен қатар, ірі сауда орындарынан орынды жалдап отырған жеке кәсіпкерлерден осы екі күнге ақша алмауды сұрадық, - дейді ол. 

Сондай-ақ, ол қоғамдық тамақтану орындарының да жұмысы тоқтайтынын айтты. Алайда, жазғы алаңы бар дәмханалар жұмыс істей береді.

Біз сауда орындарындағы дәмханаларға қатысты мәселені де қарастырдық. Кіреберісі бөлек жазғы алаңы бар дәмханалар жұмысын жалғастырады, ал ғимарат ішінде орналасқан қоғамдық тамақтану орындары жұмыс істемейді, - дейді Оразалин. 

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов бұл шектеулер уақытша екенін айтты.

ҚР Үкіметінің тапсырмасына сай 20-21 күндері бірқатар нысанның жұмысы шектеледі. Алайда, 22 маусымнан бастап қалыпты жағдайда жұмыстарын қайта жалғастырады. Алматы қаласы санитарлық дәрігерінің қаулысында кеңседегі жұмысшылар саны 30-дан асып кетсе, жартысын қашықтан жұмыс істеуге жіберу керектігі айтылған. Сондықтан көптеген кәсіпкерге осы мәселені ескеруге шақырамын. Өйткені бұрын вирусты полиция және медицина қызметкерлері, байланыста болған адамдар жұқтырып келсе, қазір ол халық ішіне тарап кетті, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы