Алматыда 141 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Алматыда алимент өндіріп алу туралы 16 мыңнан астам іс жүргізіліп жатыр. Әділет департаменті 141 борышкерді әкімшілік жауапкершілікке тартты, 81-ін бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу шарасы қолданылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы Әділет департаментінің атқарушылық өндірісті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Әнуар Жексеков атап өтті.
Алматы қаласы Әділет департаментіне алимент өндіріп алу туралы 16 мың іс түсті. Оның 60%-дан астамы мерзімді өндіріліп жатыр, яғни сот орындаушылары «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңның 93-бабының негізінде борышкердің жалақысынан алимент ұстап жатыр. Ал жұмысы жоқ, қаражат таба алмайтын борышкерлер үшін төрт рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге қатысқан 15-тен астам ірі компания 320 жұмыс орнына ашық бос жұмыс орындарын ұсынды. Жұмыс әртүрлі бағыттар бойынша ұсынылды, соның ішінде бухгалтер, экономист, күзетші, жүргізуші, құрылысшы және жалақысы 150 000 теңгеден асатын басқа да кәсіптер бар. Қала тұрғындарын жұмысқа орналастыру үшін шамамен 2,2 млрд теңге бөлінді. Бос жұмыс орындарының арқасында 83 борышкер жұмысқа орналастырылды, – дейді Ануар Жексеков.
Спикердің айтуынша, 4 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды, сот орындаушыларының 4 ұсынысы анықтау органдарының қарауында.
2023 жылы сот орындаушылары берешекті өтеу есебінен 3 жылжымайтын, 7 жылжымалы мүлікті сатып, сол арқылы 20 млн теңгеден астам берешек өтелді. Биыл 27-ден астам отбасы қайта қауышып, алимент төлеу мәселесі жойылды. Сонымен қатар, алимент өндірісін нақты орындау және борышкерлер мен өндіріп алушылар арасында ымыраға келу үшін сот орындаушылары көбінесе медиаторлардың көмегіне жүгінеді. 2023 жылы 116 бітімгершілік келісім жасалды, – деді Алматы қаласы Әділет департаментінің атқарушылық өндірісті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Әнуар Жексеков.