Алматыда 12 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасты
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қаланың 295 мектебінде оқу жылының аяқталуына орай салтанатты жиындар өтті. Биылғы жылы мектепті 12 355 түлек бітірді, оның ішінде 613-і «Алтын белгіге», 973-і Үздік аттестатқа үміткер.
Бүгін Алматы әкімі Ерболат Досаев мектеп бітіріп жатқан түлектерге ақ жол тілеп, үндеу жолдады.
Алда үлкен сынақ – мемлекеттік емтихан және ұлттық бірыңғай тестілеу. Осы сыннан барлықтарыңыз сүрінбей өтуге шын жүректен тілектеспін. Алған білімдеріңіздің арқасында Сіздер әлемнің немесе еліміздің кез келген жоғары оқу орнын таңдай аласыздар. Тек Алматының өзінде 36 жоғары орны бар. Таңдаған оқу орындарыңызға түсіп, қалаған мамандық иесі болыңыздар, - делінген әкімнің үндеуінде.
Биыл 26 мамыр мен 17 маусым аралығында білім беру сапасын арттыру және пандемия мен шектеу шаралары кезеңінде жіберілген білімдегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында оқушылар үшін қосымша оқыту ұйымдастырылады.
9, 11 сынып оқушылары үшін қорытынды емтихандар бекітілген кестеге сәйкес өткізіледі. 9-шы сыныптарда 28 мамырдан 6 маусым, ал 11-ші сыныптарда 27 мамыр мен 10 маусым аралығында өтеді. 11-ші сынып түлектері Қазақстан тарихы бойынша ауызша емтихан тапсырады.
Биылдан бастап талапкерлерге ҰБТ тапсыруға және грантқа түсуге екі мүмкіндік беріледі. Екі мүмкіндіктің көмегімен тек мамандандырылған пәндердің бір комбинациясын таңдауға болады. Ұлттық бірыңғай тестілеу 16 мамырда басталып, 5 шілдеде аяқталады.
Алматы қаласы оқушыларының 2021-2022 оқу жылындағы жетістіктері
Зияткерлік
2021-2022 оқу жылында Алматы қаласы мектептерінің 30 мыңнан астам оқушысы 85 қалалық, 57 республикалық, 18 халықаралық зияткерлік олимпиадалар мен конкурстарға қатысты, оның қорытындысы бойынша 4 045 оқушы жеңімпаз және жүлдегер атанды.
16 пән бойынша жалпы білім беретін жыл сайынғы ең басты республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша Алматы қаласының командасы 1 орынды иеленіп, «Үздік олимпиадалық команда-2022» атанды, жалпы біздің оқушылар 88 жүлделі орынға: 16 алтын, 27 күміс және 45 қола медальға ием болды.
Алматы қаласының құрама командасы ғылыми жарыстардың қорытындысы бойынша да алда келеді. Биыл республикалық ғылыми жобалар байқауында оқушылар 51 медаль жеңіп алды, оның ішінде 7 алтын, 12 күміс және 31 қола, нәтижесінде республика бойынша жалпы командалық есепте 1 орын алды.
Спорттық
Ағымдағы жылы Алматы қаласында спорттың 10 түрі бойынша ұлттық мектеп лигасының іріктеу кезеңдері өтті, онда 5-11 сыныптардың 97 мыңнан астам оқушысы қатысты.
2022 жылдың мамыр-шілде айлары аралығында Ұлттық Мектеп лигасының республикалық кезеңі өткізіледі. Бүгінде Алматы мектептерінің оқушыларының қоржынында жалпы командалық есепте 2 бірінші, 1 үшінші орын бар.
Француз Нормандиясында 2022 жылдың 14-22 мамыр аралығында спорттың 20 түрі бойынша Бүкіләлемдік гимназиада өтті. Бұл 16-18 жастағы мектеп оқушылары үшін үлкен мультиспорттық оқиға. Қазақстан Республикасының құрамасы алғаш рет қатысып, 85 медальға ие болды, оның ішінде 32 алтын, 32 күміс және 21 қола. Ел құрамасы жалпыкомандалық үшінші орынға ие болып, көшбасшылар үштігіне енді. Қазақстан Республикасы құрамасының ішіндегі 25 спортшы Алматы қаласының оқушылары, олар Дүниежүзілік гимназианың чемпиондары мен жүлдегерлері атанды.
Шығармашылық
Биылғы оқу жылында халықаралық деңгейдегі түрлі шығармашылық фестивальдар мен байқауларға Алматы қаласынан 4 мыңнан астам оқушы қатысып, олардың қорытындысы бойынша барлығы 137 жүлделі орынға ие болды: Гран при - 33, 1 орын - 31, 2 орын - 42, 3 орын - 31.
13 республикалық шығармашылық байқаулар мен фестивальдерге 2 мыңнан астам бала қатысып, 1 орын - 12, 2 орын - 18, 3 орын - 15 иеленді.
Қалада 230 мыңнан астам баланы қамтитын 20 ауқымды шығармашылық фестиваль, форумдар, конкурстар, слеттер мен көрмелер өткізілді.