20 Қазан 2026, 23:55 Фото: BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Алматыда 113 келіден астам есірткі тәркіленіп, екі ағайынды ұсталды

Қазіргі уақытта екі күдікті де уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Алматыда Жамбыл облысынан есірткі жеткізу арнасының жолы кесілді. Полиция қызметкерлері 113 келіден астам есірткі затын тәркілеп, бұған дейін есірткі қылмыстары үшін сотталған екі ағайындыны ұстады.

Арнайы операцияны Алматы қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Ішкі істер министрлігінің әріптестерімен бірлесіп жүргізді.

Алатау ауданында арнайы жасақтың қолдауымен Жамбыл облысының екі тұрғыны қолға түсті. Үй аумағын тексеру кезінде есірткі жасырылған орындар анықталды. Полицейлер екі қорап пен үш пакет есірткі затын, сондай-ақ каннабис тобына жататын 26 түп өсімдікті тәркіледі.

Сараптама нәтижесінде тәркіленген заттардың арасында 100 келіден астам кептірілген марихуана мен 13 келіден астам гашиш бары анықталды. Есірткінің жалпы салмағы 113 келіден асты.

Қазіргі уақытта екі күдікті де уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Полиция қызметкерлері есірткі жеткізу арнасына қатысы болуы мүмкін өзге де адамдарды анықтауда.