Алматыда 100 тоннаға жуық жалған дәрі тәркіленді

Алматы, BAQ.KZ. 23 шілде күні Алматы қаласының прокуратурасы Экономикалық тергеу департаментімен бірлесіп жалған дәрі-дәрмектерді дайындау бойынша жасырын цехты анықтады.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында дәрі-дәрмектерге арналған орама материалын дайындау бойынша баспахана, дайындалған заңсыз өнімдерді сақтауға арналған қойма, сондай-ақ, жасырын цех анықталған.
Тексеріс кезінде "Ротоцеф", "Солкасерил", "Регидрон оптим", "Кальций Д3 никомед", "Цефамед", "Цераксон", "Цефтазидин" және тағы басқа сауда атауларымен сатуға әзірленген 100 тоннаға жуық күмәнді дәрі-дәрмек алынды. Осылайша, құқық қорғау органдары күмәнді дәрі-дәрмектерді ел аумағында көтерме және бөлшек сауда желісі арқылы заңсыз өткізуге әрекет етудің жолын кесті, - делінген хабарламада.

Бұл факті бойынша тергеу амалдары жүргізіліп, сараптамалар тағайындалды.

Сонымен қатар, қала дәріханаларының белгіленген шекті бағаларды көтеру фактісі бойынша 109 құқық бұзушылық анықталып, ҚР ӘҚБтК-нің 426-бабы бойынша 109 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 25 факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

1000 бума және 8,5 млн медициналық маска алынған дәрі-дәрмектер қаланың денсаулық сақтау мекемелеріне берілді.

Мемлекеттік органдар бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізуде.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы