Алматыда 100-ден астам танымал тұлғаның бейнесі қойылды
Мемлекеттік орталық музейінде «XXI ғасыр көшбасшылары және танымал тұлғалар. Бірлескен шығармашылық» көрмесінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Көрмеде 100-ден астам танымал тұлғаның қатысуымен жасалған 150-ден астам өнер туындысы ұсынылған.
Суретшілер адам бейнесі арқылы философияны, идеяны, ішкі жан-дүниені, эмоциялар мен оқиғаларды жеткізеді. Мұның бәрі кескіндеме туындысына айналған.
Көрме жастарды шабыттандырып, ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерге баулуға, олардың санасы мен қиялын оятып, өнерге қызығушылықтарын арттыруға бағытталған.
Аталмыш жоба «Туған жер», «Біз біргеміз» және «Жаңа Қазақстан» мемлекеттік бағдарламаларының негізгі бағыттары аясында жүзеге асырылып отыр.
Бұл көрме ұрпаққа ұлттық мәдениетіміз бен тарихымызды дәріптеудің жарқын үлгісі болмақ. Елдің болашағы – білімді әрі рухани бай жастардың қолында. Сондықтан біз көшбасшылық қасиеттерімен, батылдығымен, шығармашылығымен ерекшеленетін тұлғалардың өмір жолын насихаттау арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелей аламыз. Бүгінгі таңда ғаламдану мен әлеуметтік өзгерістер жағдайында ұлттық бірегейлікті сақтау – маңызды міндеттердің бірі. Бұл – мәдени мұрамызды, рухани кодымызды, өткен мен бүгіннің байланысын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін негізгі құндылық. Көрменің басты мақсаты – ұлттық мәдениетімізді дәріптеу арқылы жас ұрпақтың санасын оятып, олардың патриоттық рухын нығайту,- деді Мемлекеттік орталық музейі директорының міндетін атқарушы Ғалия Теміртон.
Көрменің ашылу салтанатында қоғам қайраткері, белгілі эколог Мэлс Елеусізов сөз сөйлеп, көрменің маңыздылығын атап өтті.
Осындай мәдени шаралардың ұлттық бірлікті нығайтып, рухани құндылықтарды дәріптеуде ерекше орын алады. Ерекше идеяны жүзеге асырып, мәдени шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған Аслан Алпысбайұлына алғыс білдіремін, - дейді эколог Мэлс Елеусізов.