1 мыңнан астам әйел сақтандыру есебінен ЭКО жасата алады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда экстракорпоральды ұрықтандыру процедурасының қолжетімділігі артты. Бұрын тегін медициналық көмек аясында ғана жасалатын жоғары технологиялық қызметтің бұл түрі 2020 жылдан бастап медициналық сақтандыру пакетіне енген болатын.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиал басшысы Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламасы 2010 жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс бойынша жүзеге асырылып келді.
Биыл еліміз бойынша 7000 жуық үміткер «Аңсаған сәби» арнайы Президенттік бағдарлама аясында ЭКО жасатып, ата-ана бақытын сезінуге мүмкіндік алатын болады.
Мәселен 2020 жылы Алматы қаласында 643 ЭКО жасалған. Оған 563 млн теңге бөлінді. Биыл 1238 манипуляция жоспарланған. Оған қарастырылған сома 2 есе артып, 1,1 млрд теңгені құрап отыр, - деді филиал директоры.
Биыл оңтүстік астана бойынша аталған бағдарламаға 7 медицина ұйымы қатысып жатыр. Олардың бәрі де Медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт жасасқан:
• «Private clinic» ЖШС
• «Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы» АҚ
• «PERSONA» ЖШС
• «Экомед» фирмасы» ЖШС
• «Репродуктивтік медицина институты» ЖШС
• «Клиника AMD» ЖШС
• «Нұрай» ЭКО КЛИНИК ЖШС
ЭКО бағдарламасына қатысу үшін тіркелген емханаға барып арнайы есепке тұру қажет. Тиісті көрсетілімдер болған жағдайда дәрігерлер квотаға кезекке қояды. Квота жергілікті Қоғамдық денсаулық басқармасындағы арнайы комиссия шешімімен беріледі.
Еске салсақ, қосалқы репродуктивтік әдістерді пайдалану процесі ҚР ДСМ 2020 жылы 15 желтоқсандағы бұйрығы негізінде жүзеге асырылады. Бұйрықта жасанды ұрықтандыруға қойылатын талаптар толық жазылған.
Мәселен ЭКО бағдарламасына квота бойынша жасы 18 бен 42 аралығындағы, соматикалық, эндокриндік денсаулығы бірқалыпты әйелдер қатыса алады.
Антимюллер гормоны көрсеткіші (АМГ) 1,0 нанограмм/миллилитрден жоғары, фолликулостимуляциялық гормон (ФСГ) көрсеткіші – 12-ден төмен, ал, фолликулдардың жалпы саны – алтаудан кем болмауы тиіс.
Экстракорпоральды ұрықтандыру әдісі – дүниежүзінде белең алып жатқан бедеулік проблемасына қарсы күрестің ең тиімді тәсілдерінің бірі.
Әлем елдері бұл әдісті пайдаланып келе жатқанына 40 жылдан асқан, ал Қазақстанда аталған процедура 1996 жылы қолданысқа енді. Қазір республика бойынша 22 мыңнан астам сәби осы бағдарлама негізінде дүние есігін ашқан.
Жалпы Қазақстанда бедеулік диагнозымен есепте тұрған әйелдер саны 11 мыңнан асады