Алматыда 1 маусымнан бастап жол жөндеу жұмыстары басталады
Тұрғындардан көшелерді жөндеуге 400-ден астам өтініш келіп түскен, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Қала әкімдігінің айтуынша, шұңқырлардың 90%-ы 5 жылдан астам уақыт бойы орташа жөндеу жүргізілмеген жолдарға тиесілі.
Telegram арнасындағы жол инфрақұрылымына арналған @AlmatyJolybot чат-ботына 23 сәуірден бастап күн сайын 30-40 өтінім тіркеледі. Барлығы 400-ден астам өтініш келіп түсті, оның 70%-дан астамына тиісті жауап берілді. Сондай-ақ өтінімдер open-almaty.kz интернет порталы мен eOtinish сервисі арқылы келіп түседі. Жалпы, жұмыс басталғалы 41 000 шаршы метр жол төсемі ағымдағы жөндеуден өтті. 1 маусымнан бастап, жыл соңына дейін 310 мың шаршы метр асфальтбетон жабыны бар жолдарды жөндеу жоспарланған. Талдау көрсеткендей, Алматыда шұңқырларды жөндеудің шамамен 90%-ы 5 жылдан астам орташа жөндеу жүргізілмеген жолдарға, сондай-ақ инженерлік желілерді салу және жөндеу жүргізілген учаскелерге тиесілі, – деп хабарлайды Алматы қаласының әкімдігі.
Биыл ұзындығы 250 км болатын 274 көшеде орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
2023 жылы Алматыда ұзындығы 200 км құрайтын 175 көшеде жол жабынына орташа жөндеу жүргізілді, орташа жөндеуге кепілдік мерзімі 3 жыл, осы уақыт ішінде мердігер кез келген ақауды өзі түзетеді, - дейді қала әкімдігі.