Алматы облысында кәмелетке толмаған бала кісі өліміне күдікті ретінде ұсталды
Талдықорған, BAQ.KZ. Алматы облысының полицейлері ер адамның өліміне қатысы бар деген күдікпен 15 жастағы оқушыны ұстады.
30 қаңтар күні Ақсу ауданының орталығы Жансүгіров кентінде 54 жастағы жергілікті тұрғынның мәйіті табылды. Дене жарақатына қарап, марқұм жол-көлік оқиғасының нәтижесінен көз жұмуы мүмкін деген болжам жасалған болатын. Сонымен қатар, іздестіру барысында полиция қызметкерлері оқиға орнынан белгісіз автокөлік бөлшектерінің сынығын тапты.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында автокөліктің түсі мен маркасы анықталды. Жергілікті тұрғынды қағып, оқиға орнынан ізін суытқан «Хонда Одиссей» маркалы автокөлігін сол кезде 15 жастағы жасөспірім басқарғаны анықталды. Автокөлікте жол-көлік оқиғасынан пайда болған белгілер табылды. Қажетті сараптамаларды тағайындау үшін қазіргі уақытта автокөлік арнайы тұраққа қойылды», - деп хабарлайды Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345, 347 және 349 баптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.