Алматы жұртшылығы ашаршылық құрбандарын аза тұтты
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы жұртшылығы Ашаршылық құрбандарына қойылған ескерткіш басына барып, құран бағыштап, аза тұтты.
Халық ескерткіш маңына таң атпастан жиналып, ашаршылық құрбандарына құран бағыштады. Жиналған қауым арасында «Ақ жол» демократиялық партия өкілдері, Тәжік-ауған соғысының ардагерлері, желтоқсаншылар және басқа да қозғалыс өкілдері болды.
Желтоқсан көтерілісіне қатысушы Бақыт Байниязов жылда осы күні ескерткіш басына жиналып, ашаршылық құрбандарын еске алатынын айтады.
Бүгін елім-жерім деп басын өлімге тіккен алаштықтардың және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. 1921 жылдары басталған нәубет пен қуғын-сүргінге биыл 100 жыл толып отыр. Бүгін желтоқсаншылардың атынан құран бағыштадық. Желтоқсаншылар Алаш арыстарының ізбасары, солардың ізін жалғаушы есебінде 1986 жылы көтерілді. Патша, кейінгі Совет үкіметінің озбыр саясатының салқыны желтоқсаншыларға да тиді. Бүгін ашаршылықтан, қуғыннан жазықсыз шейт болған ата-бабамыздың рухы риза болсын деп келіп отырмыз. Олардың ел үшін жасаған істері ұмытылмайды, оны жастарға үнемі айтып отыруымыз керек, - дейді ол.
Сонымен қатар ол ашаршылық құрбандарын еске алу бойынша жасалып жатқан істі әлі де кеңейте түсу керек деген ойда.
Жиырмасыншы ғасырдың басында халқымызды, тілімізді құртып, жерімізді иелену тұрғысында ең озбыр саясат жүргізілді. Оған қарсы күресіп, бастарын өлімге тіккен азаматтар мен қолдан жасалған ашаршылық құрбандарын танып-білуде әлі де насихат жетіспей жатыр, - дейді Бақыт Байниязов.
Ескерткіш басына жиналған қауым кейін қуғын-сүргін құрбандары жерленген Жаңалық ауылына аттанды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы