"Алматы Жазы" акциясы барысында өзендер тазартылады

«Алматы Жазы» акциясы аясында 26 маусымнан 6 шілдеге дейін қаланың аула ішіндегі аумақтарын қоқыстардан, сондай-ақ алаңы 250 шаршы км өзен жағалаулары мен су айдындарының аумақтарын тазарту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Аулалар  ішіндегі аумақтарда қоқыс контейнерлерінің тез толуы жаз мезгілінде ірі мегаполисте өзекті мәселе болып табылады. Бұл проблеманы шешу үшін 1 454 контейнерлік алаңды санитарлық өңдеу, оларды жуу және дезинфекциялау, сондай-ақ 24 747 көше және аула урналарын тазалау жұмыстары жүргізіледі.

Сонымен қатар, аула аумақтарының санитарлық және эстетикалық жай-күйін қамтамасыз ету мақсатында қолданыстағы контейнерлік алаңдарды тереңдетілген контейнерлерге ауыстыру  жұмыстары жүргізілуде. 2024-2025 жылдар аралығында 2 905 жаңа контейнер орнату жоспарланған. 

Терең типтегі контейнерлердің негізгі артықшылықтары-эстетикалық көрініс, қалыптасқан құрылыс алаңдарының қысқаруы, жағымсыз иістердің болмауы, құстар мен қаңғыбас жануарлардың кіруіне тосқауыдың болуы.

«Алматы Жазы» акциясы «Таза Қазақстан» жалпы республикалық акциясы аясында өткізіледі және жазғы кезеңде «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқанының жалғасы болып табылады. 

Оның басты мақсаты - қалалық инфрақұрылым мен қоғамдық мүлікке ұқыпты қарауды қалыптастыру, сондай-ақ жеке экологиялық бастамаларды қолдау және оларды іске асыру үшін жағдай жасау.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Алматы қаласының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы