Almaty SuperSki: Көк-Жайлау Алматының тынысына айналады – тауда ағаш отырғызу акциясы өтті
Акция барысында 2 мыңға жуық Шренк шыршасы отырғызылды.
3 қазанда Көк-Жайлауда Алматы жастары мен студенттерінің қатысуымен ағаш отырғызуға арналған экологиялық акция өтті. Инициативаға Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлибек Қуантыров, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, «Kazakh Tourism Development Ltd.» компаниясының бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев, сондай-ақ бейінді ғылыми ұйымдардың өкілдері қатысты. Акция барысында қатысушылар шамамен 2 мың Шренк шыршасын отырғызды.
Экологиялық акция Алматы жастары арасында Almaty SuperSki жобасына қатысты басталған ашық диалогтың жалғасы болды. Бұған дейін жас алматылықтар жобаны, оның тау аумақтарының дамуына әсерін және Көк-Жайлаудың болашағын талқылауды ұсынған еді. Бірқатар кездесулер барысында студенттер мен жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікірлерін білдіріп, жоба өкілдерімен ұсыныстарын талқылай алды.
Жастардың экологиялық акцияға қатысуы осы диалогтың іс жүзіндегі жалғасына айналды. Жас алматылықтар ағаш отырғызуға тікелей атсалысып, табиғи аумақты сақтауға өз үлестерін қосты. Акцияның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тауға ұқыпты қарауға үндей отырып, жас ұрпақты табиғатты қорғауға бағытталған нақты бастамаларға тарту.
Шараның негізгі оқиғасы – басшылық пен шақырылған қонақтардың алғашқы ағашты бірге отырғызуы болды. Осыдан кейін қатысушылар учаскелерге бөлініп, жаппай ағаш отырғызуға кірісті.
«Бүгін болашақ Көкжайлау курортының аумағында ағаш отырғызуға арналған экологиялық акция өтіп жатыр. Бұл Алматы мен тұтас өңірдің туристік дамуына жаңа серпін беріп, қала тұрғындары мен қонақтары үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға арналған маңызды жоба. Сонымен қатар туристік инфрақұрылымды дамыту кезінде табиғатты сақтауға ерекше көңіл бөлінуі керек. Біз табиғатты жауапкершілікпен пайдалану қағидатын басшылыққа аламыз: бір ағаш алынған жағдайда, оның орнына он ағаш отырғызу қамтамасыз етіледі. Бұл ретте туристік кластерді іске асыру аумағындағы Қызыл кітапқа енгізілген бірде-бір ағаш көшірілмейді немесе кесілмейді. Барлық экологиялық талаптар сақталған жағдайда жоба туризм мен экономиканы дамытуды табиғи мұраны сақтаумен ұштастыруға мүмкіндік береді деп сенемін. Бұл – болашақ ұрпаққа сақтап, табыстауға тиіс байлығымыз», – деді Ә. Қуантыров.
Алматы әкімі Д. Сатыбалды жастардың экологиялық бастамаларға қатысуының маңызын атап өтті.
«Таулар – Алматының және оның болмысының ажырамас бөлігі. Жастардың қаланың және оның табиғи аумақтарының болашағына қатысты мәселелерден шет қалмауы біз үшін маңызды. Мұндай бастамалар экология туралы айтып қана қоймай, табиғатты қорғауға бағытталған нақты жұмыстарға жеке қатысуға мүмкіндік береді», – деді ол.
Ержан Еркінбаев экологиялық іс-шаралар Almaty SuperSki жобасын іске асырудың келесі кезеңдеріне дейін жүргізілуі тиіс екенін атап өтті.
«Алматы жастарының қаланың, тауларымыз бен Көк-Жайлаудың болашағына өздері қызығушылық танытып отырғаны біз үшін маңызды. Біз бұған дейін бірқатар ашық кездесу өткізіп, жастардың пікірін тыңдап, сұрақтарына жауап бердік. Біздің ұстанымымыз қарапайым: кез келген даму табиғатты құрметтеуден басталуы керек. Сондықтан Almaty SuperSki жобасын іске асырудың келесі кезеңдеріне дейін нақты экологиялық шаралардан бастаймыз. Жаңа ағаш отырғызу – сондай қадамдардың бірі. Көк-Жайлау Алматының өкпесі болып қала береді», – деді ол.
Іс-шараға студенттер мен жас қала тұрғындары, оның ішінде бейінді мамандықтарда білім алып жатқан жастар қатысты. Акцияға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биология және биотехнология факультетінің ботаника және агроэкология кафедрасының өкілдері және басқа да бейінді ғылыми ұйымдардың мамандары қосылды.