«Алматы-Ұзынағаш» бағытындағы пойыз күніне 2 рет қатынайтын болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жолаушы легінің артуына байланысты Алматы қаласының басшылығы қосымша субсидиялау есебінен осы бағыттағы вагондар саны мен қатынау жиілігін көбейту жөнінде шешім қабылдады, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.  

Жұмыс сапары кезінде Алматы әкімі Бауыржан Байбек «Алматы-Ұзынағаш» бағыты бойынша жүретін жылжымалы составты қарап шықты.

Аралық стансалар «Боралдай», «Аксеңгір», «Шамалған» және «Жангелді» елді мекендерінде орналасқан. Қала маңына қатынайтын бағытта күніне 900-ге жуық адам болады, дегенмен жаз кезінде азаюы мүмкін, сондықтан 25 тамыздан бастап бағытты күшейту жоспарланған. Егер бұрын аталған бағыт бойынша әрі-бері 6 вагон қатынаса, енді 25 тамыздан бастап бағытқа 9 вагон қызмет көрсетеді және екі айналма рейс жасайды. Вагондар кондиционер желісімен, санузел жүйесімен, телевизормен жабдықталған. 

Мегаполис әкімі қалаға күніне 275 мың автомобильдің кіретінін, оның көлік инфрақұрылымы мен экологияға кері әсері ететінін атап өтті. Осы теміржол бағытын ғана субсидиялау көлік легін 10 мың автомобильге қысқартуға мүмкіндік береді. 


«Кейбір желі қолданушылары талап еткендей, қалаға келетін жеке көлікті қыспаққа алу – дұрыс емес. Біріншіден, бәріміз бір елдің азаматтарымыз. Екіншіден, қозғалыстың балама түрін құру қажет. Қала маңына жақын орналасқан аудандар тұрғындарының басым көпшілігі Алматының еңбек нарығымен тікелей байланысты. Сондықтан біздің басты міндетіміз – сапалы қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету. Әрине, алматылықтар бұл бағытты пайдаланбайды, алайда экологияны жақсарту, кептелісті болдырмау мақсатында біз бұл жұмысты күшейтеміз. Қала маңындағы тасымал Алматының көлік жүйесінің құрамдас бөлігіне айналуы тиіс. Бұдан барлығымыз ұтамыз, бірінші кезекте алматылықтар», - деп атап өтті Бауыржан Байбек. 


Айта кетерлігі, Алматыдағы көлік реформасы аясында қаланың автобус паркі 80%-ға жаңарды, еліміздегі алғашқы BRT желісі іске қосылды, каршэринг қызметі енгізілді. Метроның жаңа екі бекетінің құрылысы жалғасуда, LRT жобасы жүзеге асуда. 

Бұрын «ҚТЖ» АҚ «Алматы-1» және «Алматы-2» теміржол вокзалдарын қала балансына беру туралы шешім қабылдаған еді. Бұл әкімдікке нысандарға тиесілі реконструкция жүргізуге ғана емес, сонымен қатар оларды мегаполистің көлік инфрақұрылымының бір бөлігі ретінде дамытуға мүмкіндік береді. 

Жергілікті бюджет есебінен 2018 жылы екі теміржол вокзалдарының алаңдары жаңарды. Қоғамдық көлік әлеуеті үшін вокзалдар алды қайта бөлінді, қауіпсіздік бөлігімен бірге жаяу жүргіншілердің өтпелі жолдары абаттандырылды және видеобақылау камералары орнатылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы