Almaty Urban Fest 10 мыңнан астам адамды жинады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда 7 және 8 қыркүйекте «QazaqstanJastarFest» республикалық челлендж аясында Almaty Urban Fest фестивалі өтті. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің ресми сайтында хабарланды.
Қаланың заманауи ағымдағы топтары: BMX, Граффити, Воркаут, Көше билері, Стритбол 3*3, Армреслинг, арт-инсталляция және басқалары бір алаңда бас қосты.
Екі күндік бағдарламалық шараны көруге әрі жарыстарға қатысуға немесе көше өнерінің ахуалынан нәр алуға 10 000 астам адам жиналды. Спортшылардың басым көпшілігі үздік атану үшін сайысқа түсті.
Олардың арасында Нұр-Сұлтан, Петропавл, Семей, Өскемен, Шымкент, Тараз және Талдықорған қалаларының тұрғындары мен Қырғызстан, Өзбекстан мен Ресейден келген шетелдік қатысушылар да болды. Бұлардың барлығы - осынау спорттық шараға орай Алматыға арнайы келгендер.
Фестивалға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және денешынықтыру істері жөніндегі комитет төрағасы Серік Сәпиев қатысты.
«Бүгін Урбан фестиваль біздің қаламызда алғаш рет әрі менің ойымша жоғары деңгейде өтті. Мен мұндай мерекелердің біздің қаламызда жиі өтуіне тілектеспін. Сіздердің әрқайсыларыңыз үшін жеңістер мен бағындыратын асулар көп болсын. Осынау жолға түскендер - үлкен спортта өз жолын тапқандар. Барлықтарыңызды құттықтаймын және табыс тілеймін», - деді фестивалға қатысушылар мен қонақтарды құттықтаған Е. Бабақұмаров.
Фестивалға қазақ киносының, телеарналарының жұлдыздары, танымал спортшылар, қоғамдық пікір жетекшілері қолдау білдіріп, шара соңында «QazaqstanJastarFest» челлендж аясында Урбан мәдениетті дамыту эстафетасын Батыс Қазақстанның қалаларына тапсырды.