5 Қазан 2026, 11:49 Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Алматы тұрғыны қазылған жолдың кесірінен көзінен айырылып қала жаздаған

Алматы тұрғыны әлеуметтік желіде қаладағы жөндеу жұмыстары кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталмауы салдарынан ауыр жарақат ала жаздағанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, оқиға 4 қазан күні кешкі сағат 20:30 шамасында болған. Әйел күйеуімен бірге Рахат Палас қонақүйінен Smart Point орталығына қарай Сәтбаев көшесімен жаяу келе жатқан.

Бұл аумақта қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Тротуар толық қазылған, жол бөлігі қоршаулармен жабылған. Біреулер сол қоршаулар мен жарық бағандарының арасына жіңішке қармақ жібін тартып қойған, – деп жазды ол.

Алматылық тұрғынның сөзінше, ол жерден өтетін басқа жол болмаған. Сондықтан ол құрылыс қалдықтары шашылып жатқан тар соқпақпен жүруге мәжбүр болған.

Қараңғыда аяғымның астына қарап келе жаттым. Құрылыс қоқысына сүрініп кетпес үшін абайлап жүргенмін. Бір кезде байқамай әлгі жіпке бетіммен соғылдым. Бар болғаны бір сантиметр қозғалсам, жіп көзіме тиер еді, – дейді ол.

Әйелдің айтуынша, жіптің өте жіңішке болғаны сонша, оны қараңғыда көру мүмкін емес. Тіпті тіке қарап келе жатқан адамның өзі байқамауы мүмкін.

Мұндай салғырттықтың кесірінен тағы қанша адам зардап шегуі мүмкін екенін білмеймін, – деп алаңдаушылық білдірді алматылық тұрғын.

Ол жауапты мердігерлерді қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақтарда тұрғындардың қауіпсіздігіне көбірек көңіл бөлу қажет екенін айтты.

Әкімдік әзірге бұл жағдайға қатысты пікір білдірген жоқ. 

Еске салайық, бұған дейін Алматының қай көшелерінде жөндеу жұмыстары жүріп жатқанына шолу жасаған едік.