Алматы тұрғындарының 81%-ы ауаны денсаулыққа қауіпті деп санайды
Алматы тұрғындарының 81%-ы қаладағы ауа сапасын адам денсаулығына қауіпті деп есептейді. Сонымен қатар басқа қалаға немесе өңірге көшу мүмкіндігін байыппен қарастырып жүрген не көшуге дайындалып жатқан азаматтардың үлесі 2024 жылғы 17%-дан 26%-ға дейін өскен. Бұл туралы Almaty Air Initiative қорының Алматыдағы ауа сапасына қатысты қоғамдық пікірді зерттеу нәтижесінде белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Зерттеу қордың жыл сайын жүргізетін үшінші сауалнамасы саналады. Оны әзірлеуге әлеуметтанушы Серік Бейсембаев қатысқан. PwC Kazakhstan зерттеудің жекелеген әдіснамалық және талдамалық аспектілері бойынша ақысыз негізде түсініктеме берген.
Зерттеу нәтижесінде мынадай деректер анықталған:
-
Сауалнамаға қатысқандардың 81%-ы Алматыдағы ауа сапасын денсаулыққа қауіпті деп санайды. Былтыр бұл көрсеткіш 74% болған.
-
Респонденттердің 63%-ы ауаның ластануына қатты алаңдайтынын айтқан.
-
Алматыдан көшуді байыппен қарастыратын немесе көшуге дайындалып жүрген тұрғындардың үлесі 2024 жылғы 17%-дан 26%-ға дейін өскен.
-
Көшу туралы ойлайтын тұрғындардың 57%-ы негізгі себеп ретінде экологиялық жағдай мен ауа сапасын атаған.
-
Көшуге қатысты көңіл күй 25-34 жас аралығындағы тұрғындар арасында жоғары. Бұл топтың 40%-ы басқа жаққа қоныс аудару туралы ойланып жүр.
-
Көшу мүмкіндігін қарастырып жүрген тұрғындардың жартысы ауа сапасы айтарлықтай жақсарса, Алматыда қалуға дайын.
Алматы тұрғындарының ауа сапасына қатысты сауаттылық деңгейі төмен
Зерттеудің мақсаты – қала тұрғындарының ауаның ластануы туралы хабардарлық деңгейін, мәселені шешуге қатысуға дайындығын және нақты мінез-құлық дағдыларын бағалау. Сондай-ақ 2024 және 2025 жылдармен салыстырғанда қоғамдық пікірдегі өзгерістерді бақылау көзделген.
Биылғы зерттеуде алғаш рет ауа сапасы туралы хабардарлық индексі есептелген. Ол сауалнама нәтижелерін бірыңғай шкала бойынша бағалауға мүмкіндік береді.
Алматының көрсеткіші 100 балдың 41-ін құрады. Бұл тұрғындардың ауа сапасы туралы хабардарлық деңгейінің төмен екенін және мәселені шешуге қатысуы көбіне пассивті сипатта екенін көрсетеді.
Зерттеу деректеріне сәйкес, тұрғындардың ауаның ластануына алаңдаушылық деңгейі 70 балға жеткен. Алайда мәселе туралы хабардарлық көрсеткіші – 38 балл, нақты әрекет жасауға дайындық – 40 балл, ал күнделікті өмірде қолданылатын іс-әрекеттер көрсеткіші небәрі 17 балды құраған.
Almaty Air Initiative атқарушы директоры Жұлдыз Саулебекованың айтуынша, Алматы тұрғындары ауаның ластануы елеулі қауіп төндіретінін түсінеді. Дегенмен ластанудың негізгі көздері, қолдау қажет шаралар және әр адамның жеке деңгейде не істей алатыны жөнінде ортақ түсінік әлі қалыптаспаған.
Ендігі міндет – алаңдаушылықты білімге, ал білімді нақты әрекетке айналдыру. Ол үшін түсінікті деректер, қалада қабылданып жатқан шаралар туралы ашық ақпарат және тұрғындардың қатысуына мүмкіндік беретін қолжетімді тетіктер қажет. Біздің индекс – Алматының экологиялық және ақпараттық саясатының нақты нәтижесін уақыт өте бағалауға мүмкіндік беретін басқару құралы, - деді ол.
Алматы тұрғындары не себепті көшкісі келеді?
Сауалнама нәтижесі ауаның ластануы қала тұрғындарының ұзақ мерзімді жоспарларына әсер ететін негізгі факторлардың біріне айналғанын көрсетті.
Сауалнамаға қатысқан алматылықтардың 26%-ы көшу туралы шешім қабылдаудың әртүрлі кезеңінде жүр. Олардың арасында бұл мәселені отбасымен үнемі талқылайтындар да, басқа жаққа қоныс аударуға нақты дайындалып жатқандар да бар. Ал тағы 32%-ы әзірге нақты жоспары болмаса да, кейде көшіп кету туралы ойланатынын айтқан.
Басқа жаққа қоныс аударудың негізгі себебі ретінде респонденттердің 57%-ы ауаның ластануын атаған. Тұрғындардың 23%-ы төмен табыс пен мансаптық мүмкіндіктердің жоқтығын көрсетсе, 21%-ы балаларына жақсы болашақ қамтамасыз етуді қалаған.
Сонымен қатар көшу туралы ойланып жүрген тұрғындардың 50%-ы ауа сапасы айтарлықтай жақсарған жағдайда өз жоспарларын қайта қарауға дайын екенін мәлімдеген.
PwC Kazakhstan басқарушы серіктесі Азамат Қонратбаевтың пікірінше, көшу туралы ойлайтын тұрғындардың жартысы экологиялық жағдай жақсарса, Алматыда қалуға дайын болуы ауа сапасының қала болашағы үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Таза ауа адамдардың денсаулығымен, жайлы жағдайда білім алуымен, жұмыс істеуімен, шығармашылықпен айналысуымен және өз әлеуетін жүзеге асыруымен тікелей байланысты. Сондықтан экологиялық жағдайды жақсартуды адам капиталына және Алматының ұзақ мерзімді тартымдылығына салынған инвестиция ретінде қарастырған жөн, - деді ол.
Кімдер Алматыдан көшу туралы көбірек ойлайды?
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, көшуге қатысты көзқарас әлеуметтік және демографиялық топтар арасында әртүрлі.
Басқа жаққа қоныс аударуды жиі қарастыратындар – 25-34 жас аралығындағы тұрғындар. Бұл топта көрсеткіш 40%-ға жеткен. Магистрлік немесе ғылыми дәрежесі бар респонденттердің 41%-ы да көшу мүмкіндігін ойластырып жүр. Ал орта білімі бар тұрғындар арасында бұл көрсеткіш 20% болған.
Балалы отбасылар арасында да көшу туралы ойлайтындар бар. Бір немесе екі баласы бар респонденттердің 28-30%-ы басқа жаққа қоныс аударуды қарастырып жүр. Ал баласы жоқ тұрғындар арасында бұл көрсеткіш 23% болған.
Әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың айтуынша, зерттеудің барлық бағытында ортақ үрдіс байқалады: адамның табысы мен білім деңгейі, сондай-ақ балаларының болуы артқан сайын экологиялық мәселеге алаңдаушылығы да күшейеді.
Басқаша айтқанда, адамның мүмкіндігі неғұрлым көп болса, ол мәселені соғұрлым маңызды деп санайды. Мұның екі салдары бар. Бір жағынан, ресурсы мол тұрғындар ауаның ластануынан қорғану үшін белсендірек әрекет етеді. Екінші жағынан, дәл осы топ өкілдері басқа жаққа көшу туралы да жиі ойланады, - деді әлеуметтанушы.
Алматылықтар ауаны жақсарту үшін қандай шараларды қолдайды?
Сауалнамаға қатысқан тұрғындар ауаның сапасын жақсартуға бағытталған бірнеше шараны қолдаған.
Ең көп қолдау тапқан ұсыныстардың қатарында қоғамдық көлікті дамыту бар. Респонденттердің 54%-ы осы шараны қолдайтынын айтқан. Жылу электр орталықтарын (ЖЭО) толықтай газға көшіруді 52% қолдаса, ауаны қатты ластайтын ескі көліктердің қозғалысын шектеуді 51% жақтаған.
Ал қала орталығына ақылы кіру жүйесін енгізу идеясы ең аз қолдау тапқан. Бұл шараны сауалнамаға қатысқандардың тек 28%-ы қолдауға дайын екенін білдірген.