Алматы тұрғындарын аптап ыстық пен көлік кептелісі шаршатты

Алматыда көлік кептелісі азаймай тұр. Қаладағы аптап ыстық тұрғындарды әбден әбігерге салды. Сағаттап кептелісте тұрып, аптап ыстықтан есінен тағандардың саны көбейген, деп хабарлайды Алматыдағы  BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінде, жоспарға сәйкес, 230 көше, 15 магистральді жолды жаңартуға 20 млрд теңге бөлінген. Жаз келісімен басталған жұмыс көлік қозғалысын ішінара шекетеген.

Қаладағы маңызды көшелер жабылып жатыр. Зардабын халық көріп, қиналып жатыр. Күнің ыстығы қайтпай тұр. Таңғы сағат 8.00-де +33 °C көрсетті. Ал түскі уақытта +40 °C жетті. Енді осы ыстықта кептелісте тұрғанды ойлаңыз. Көлігі барлардың желдеткіші бар, көпшілігі қиналмайды. Ал қоғамдық көліктерде желдеткіш бірде істесе, бірде істемейді. Қалада 2 млн адам тұрады десек, жолды жасар алдында осы тұсын ойластыру керек еді. Ыстық пен кептелістің әсерінен адамдардың басы айналып, есінен танғандарды да көзім шалды. Сағаттап кептелісте тұрып, үйреніп қалғанбыз, дегенмен ауа райының ыстықтығы әлсіретіп жібергені жасырын емес, – дейді қала тұрғыны Шынболат Керімбай. 

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесуінде көшелердің жөндеу жұмыстарына қатысты сұраққа жауап берді. 

 Картаға сәйкес, даңғылдардағы жол қозғалысы сағат сайын бақыланады. Мен кептелістер пайда болған жерлерді (қызыл немесе бордты жолақтарға ауысатын) үнемі қарап отырамын. Еске салсақ, біз барлық жұмысты 6 бөлімге бөлдік. Неліктен біз биыл екі магистральдық жолды бастадық? Айтып өткенімдей, әл-Фараби даңғылына 2010 жылдан бастап, ал Абай даңғылына 2012 жылдан бастап орташа жөндеу жүргізілмеген. Ал жөндеудің аралық циклі - 5 жылдан 7 жылға дейін. Мамандардың бағалауы бойынша, егер биылғы жылы жолдар жасалмаса, қысқы кезең ауыр болар еді: жол шұңқырларға айналады. Жабынның қабыршақтануы мен бірнеше жарықтардың салдарынан ішінара жөндеу мүмкін болмады, сондықтан толық жөндеу жүргізіліп жатыр. Ескертулерімізді ескеріп, айналма жолмен жүріп, көмектескен барлық басқа тұрғындарға алғысымды білдіремін, – дейді қала әкімі Ерболат Досаев. 

Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті “Қазгидрометке” сілтеме жасап, ауа райына қатысты ескерту жариялаған еді. Дәрігерлер күн сәулесі өткенінің алғашқы белгісі ретінде шаршау мен бастың айналуын атап өтті. 

 Күннің ыстығы құлақтағы дыбысқа әсер етіп, беттің қызаруы, есінен танып қалу, құсуға дейін алып барады. Жүрек айныған жағдайда да қауіптің барын ескерген жөн. Көшеде, күн астында ұзақ жүруге болмайды. Күн сәулесі тіке түссе, көру қабілетінің бұзылу қаупі бар. Сондықтан көзілдірік, бас киім сынды қарапайым қорғаныс құралдарын тастамаған жөн, – дейді терапевт-дәрігер Рахымбай Гүлнұр. 

Еске салайық, қаланың қай бөлігінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын 2gis және Yandex қосымшасы арқылы анықтауға болады. Дегенмен, қазірдің өзінде осы бағдарламада 500-ден астам адам пікір қалдырған. Басым көпшілігі «көлік кептелісінің әсерінен жарты ғұмырымыз өтетін болды» деген сыңайда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы