Алматылықтардың бас ауруына айналған мәселе аталды
Алматы тұрғындары ең көп шағымданатын мәселелер анықталды.
Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Нұрғали Сахов тұрғындардың қандай мәселелер бойынша жиі шағымданатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның сөзінше, тегін адвокаттық көмек жобасы аясында 400-ден астам азамат құқықтық кеңес алуға жүгінген. Алайда олардың басым бөлігі анонимді қалуды жөн көрген.
Біз үшін тұрғындардың тек кеңес алғаны ғана емес, олардың нақты қандай мәселемен жүгінгенін талдау да маңызды. Конституциямен кепілдендірілген жеке өмір құпиясы бар, сондықтан азаматтардың анонимді қалуға құқығы сақталады, – деді Нұрғали Сахов өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте.
Оның айтуынша, талданған 122 өтініштің ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қатысты мәселелер бірінші орында тұр.
Нұрғали Сахов алматылықтардың көбіне пәтер иелерінің кооперативі жұмысына, мүлік иелері бірлестігін (МИБ) құру мәселелеріне, коммуналдық қызметтердің сапасына және осы саладағы басқа да түйткілдерге шағымданатынын жеткізді.
Сонымен қатар өтініштердің 14 пайызы жылжымайтын мүлік пен меншікке қатысты болған. Қоғамдық кеңес мүшесінің айтуынша, кейбір азаматтар мүлік немесе жылжымайтын нысан сатып алғанымен, оны заңды түрде рәсімдемеген немесе мемлекеттік тіркеуден өткізбеген.
Тағы 12 пайыз өтініш отбасылық-тұрмыстық мәселелерге байланысты түскен. Бұл санатқа балалардың құқықтарын қорғау, әйелдердің құқықтары және отбасы ішіндегі өзге де даулар кіреді.
Нұрғали Саховтың мәліметінше, өтініштердің 7 пайызы тіркеуге тұру және тіркеуді рәсімдеу мәселелеріне қатысты болған.
Бұдан бөлек, тұрғындар жер қатынастары, атқарушылық өндіріс және қарыз өндіру мәселелері бойынша да жиі көмек сұрайды.
Нарықтық экономика жағдайында мұндай мәселелер жиі кездеседі. Кейбір азаматтар бизнесін дамыту үшін несие алады. Алайда түрлі себептерге байланысты кейін несиені уақытында қайтара алмайтын жағдайға тап болады, – деді Қоғамдық кеңес мүшесі.
Оның айтуынша, тұрғындардың өтініштерін талдау Алматы тұрғындарын алаңдататын негізгі проблемаларды анықтауға және оларды шешу жолдарын іздеуге мүмкіндік береді.