Алматыда 14 972 түлек ҰБТ-ға қатысады
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Білім басқарма басшысының орынбасары Қайрат Жұманов онлайн брифинг кезінде биыл ҰБТ қалай өткізілетінін айтты.
Оның айтуынша, Алматыда 266 мектеп бар, онда 276 мыңнан аса бала оқиды. Биыл қала бойынша 9 300 оқушы мектепті тамамдаған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда мың оқушыға жоғары.
2020 жылғы ҰБТ-ға 14 972 адам қатысады. Оның 97 пайызы биылғы түлектер, қалған 5900 адам былтыр мектеп бітіргендер және колледж түлектері. ҚР Білім және ғылым министрлігінің қаулысы бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеу 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді. ҰБТ-ны өткізу форматы бұрынғыдай, қағаз түрінде өтеді, - деді ол.
Сондай-ақ, ол қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Алматыдағы 6 ЖОО-да санитариялық-эпидемиялық нормалар қатаң сақталатынын айтты.
Аудиторияда тест тапсыратындардың саны екі есе азайтылады және қатысушылар арасында 2 метр қашықтық сақталады. Сонымен қатар, дезинфекциялық шаралардың бәрі іске асырылады, - дейді Жұманов.
Сондай-ақ, ҰБТ-ның ашық өтуі үшін ұялы телефонды өшіретін құралы іске қосылып, бейнекамералар қойылатынын айтты.
Биыл тестке қатысушыларға қатысты ереже күшейтіледі. Егер қатысушыдан тыйым салынған заттар табылса, ол бірден шығарылып, тест нәтижесі жойылады. Сондай-ақ, ол биыл тестке жіберілмейді. ҰБТ біткен соң 25 тамызға дейін бейнежазбалар қайта қаралады. Егер қатысушы тыйым салған затты алып кіріп немесе басқа да ереже бұзғаны анықталса, оның нәтижесі жойылып, байқауға жіберілмейді, - дейді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Симптомы жоқ науқастар симптомы барларға қарағанда қауіпті
Келесі жаңалық
Жетісуда алаяқтар азаяр емес
Өзгелердің жаңалығы