Алматы толық газдандыруға жақындады: Әлі қанша үй газсыз отыр?
Алматыда газдандыру деңгейі 99,6 пайызға жеткенімен, қалада әлі де табиғи газға қосылмаған тұрғын үйлер бар. Алдағы жылдары газ инфрақұрылымын кеңейту жоспарланып отыр: жаңа желілердің құрылысы нәтижесінде тағы 191 үйді газға қосуға техникалық мүмкіндік жасалмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «QazaqGaz Aimaq» АҚ Алматы өндірістік филиалы мен қалалық Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының өкілдері мәлімдеді.
Мамандардың айтуынша, бүгінде Алматының басым бөлігі газбен қамту жүйесіне қосылған. Қаланың әртүрлі ауданындағы жеке үйлер, әлеуметтік және коммерциялық нысандар табиғи газға қосылуға техникалық мүмкіндікке ие. Дегенмен, үйдің жанынан газ құбырының өтуі автоматты түрде газдың қосылғанын білдірмейді. Ол үшін меншік иесі техникалық шарт алып, жоба әзірлетіп, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуі қажет.
Сонымен қатар қалада газ тарату желілері мүлдем жоқ тұрғын аймақтар да бар. Бұл мәселені шешу үшін 2027–2031 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама аясында жаңа инфрақұрылым салу көзделген.
«QazaqGaz Aimaq» АҚ Алматы өндірістік филиалының өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Айбек Қасымовтың айтуынша, бағдарламаға қажетті инфрақұрылымы жоқ мекенжайлар енгізілген.
2027–2031 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама шеңберінде шамамен 191 тұрғын үйді газға қосуға техникалық мүмкіндік жасау жоспарланып отыр. Ол үшін 10,7 шақырымға жуық газ тарату желісі салынады. Мекенжайлар тізімі тұрғындардың өтініштері мен жергілікті атқарушы органдардың ақпараты негізінде қалыптастырылды. Бұл жұмыстарды қаржыландыру да инвестициялық бағдарламада қарастырылған, – деді ол.
Алматыда жеке үйді газға қосудың бірыңғай бағасы жоқ. Тіпті көлемі бірдей екі үйдің өзінде қосылу құны әртүрлі болуы мүмкін.
Баға газ құбырына дейінгі қашықтыққа, жұмыстың күрделілігіне, жолдардың немесе басқа инженерлік желілердің астымен құбыр тарту қажеттілігіне, пайдаланылатын жабдықтарға, жер қазу жұмыстарына және абаттандыруды қалпына келтіруге байланысты қалыптасады.
Сонымен бірге бірқатар қызметтер тегін көрсетіледі. Атап айтқанда, техникалық шарт беру, қолданыстағы газ желісіне алғашқы қосу және газды алғаш рет іске қосу үшін ақы алынбайды.
Негізгі шығындар жобалау жұмыстарына, қажетті жабдықтарды сатып алуға және құрылыс-монтаж жұмыстарына жұмсалады. Бұл қызметтерді арнайы лицензиясы бар ұйымдар орындайды. Қазір Алматыда осындай 80-нен астам компания жұмыс істейді.
«QazaqGaz Aimaq» АҚ Алматы филиалының өткізу және газбен жабдықтау режимі қызметінің басшысы Нариман Хасенов техникалық шартты eGov порталы немесе eGov mobile қосымшасы арқылы онлайн алуға болатынын айтты.
Техникалық шарттарды электронды түрде әрі тегін рәсімдеуге болады. Одан кейін меншік иесі жобаны әзірлейтін және қажетті жұмыстарды жүргізетін мамандандырылған ұйымды өзі таңдайды. Қазіргі таңда барлық процесті толықтай «бір терезе» қағидатымен өткізу мүмкін емес, алайда бірқатар рәсімдер цифрландырылды, – деді ол.
Брифингте әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарға арналған арнайы бағдарлама туралы да айтылды. Жоба Алматы әкімдігі, «Халық» әлеуметтік бағдарламаларды қолдау қоры және Halyk Bank-пен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр.
Бағдарлама аясында тұрғын үйлер табиғи газға «кілтпен тапсыру» қағидаты бойынша қосылады. Яғни жабдықтарды сатып алу мен құрылыс-монтаж жұмыстарының шығындары толық өтеледі.
Алматы қаласы Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының жылу және газбен жабдықтау бөлімінің басшысы Нұрлан Әбдуәли мұндай қолдау өз бетінше газ тартуға мүмкіндігі жоқ отбасыларға көмектесетінін атап өтті.
Әлеуметтік осал топтар үшін табиғи газға қосылу бойынша арнайы бағдарлама жұмыс істейді. Бағдарламаға қатысушылардың жабдық пен монтаж жұмыстарына жұмсайтын шығындары толық өтеледі. Іріктеу талаптары, қатысушылар тізімі және 2026 жылы қосылатын үйлер саны бағдарлама аясында анықталады, – деді ол.
Мамандар тұрғындарға газ құбырына өз бетінше қосылуға болмайтынын ескертті. Барлық жұмыстар арнайы рұқсаты мен лицензиясы бар ұйымдар арқылы жүргізілуі тиіс.
Осылайша, Алматыда газдандыру деңгейі жоғары болғанымен, алдағы жылдардағы негізгі міндет – қалған үйлерді газға қосу және техникалық мүмкіндік жоқ аумақтарда жаңа желілер салу. 2027–2031 жылдарға жоспарланған жаңа инфрақұрылымдық жоба қаланы табиғи газбен толық қамтуға жақындатуы тиіс.