Бүгiн 2026, 16:06 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Элиталы үйлердің тағдыры: Алматы тауларындағы құрылысқа талап қатаңдады

Қолданыстағы нормаларға сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін бөлшектеуге тыйым салынған.

Алматы қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасы мен Қала құрылысын бақылау басқармасы BAQ.KZ-ке берген ресми жауабында тау бөктеріндегі аумақтарда құрылыс салуға қатысты қолданыстағы талаптар мен бақылау жұмыстары туралы мәлімет берді.

Тау бөктеріндегі құрылыстардың биіктігіне шектеу қойылған

Сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, Алматы қаласы мәслихатының VIII сайланған кезектен тыс XXVI сессиясының шешіміне сәйкес, Талғар трактісінен, Шығыс айналма автомобиль жолынан (ШААЖ), Әл-Фараби даңғылынан, Саин және Жандосов көшесінен (Саин көшесінен қала шекарасына дейінгі аралықта) оңтүстікке қарай орналасқан аумақтағы барлық құрылыс түрлері үшін арнайы талаптар белгіленген.

Оған сәйкес ғимараттардың параметрлері жертөле қабатын қоса алғанда үш қабаттан аспауы тиіс. Сонымен қатар шатырға шығатын өртке қарсы эвакуациялық жол ретінде салынған, ауданы 10 шаршы метрден аспайтын құрылыс қабат санына есептелмейді.

Ғимараттардың ең жоғары биіктігі жер учаскесінің орташа жоспарлық белгісінен парапеттің немесе шатыр жотасының ең жоғарғы нүктесіне дейін 12 метрден аспауы керек.

Әлеуметтік нысандар үшін бөлек талап қарастырылған

Бұл шектеулер денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және діни мақсаттағы объектілерге толық көлемде қолданылмайды. Алайда мұндай нысандардың биіктігі 25 метрден аспауға тиіс.

Басқарма мәліметінше, Бас жоспарда көзделген әлеуметтік инфрақұрылым және туристік кластер объектілерін қоспағанда, көрсетілген аумақта көппәтерлі тұрғын үйлер мен тұрғын үй кешендерін салуға жол берілмейді.

Қолданыстағы нормаларға сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін бөлуге тыйым салынған. Сондай-ақ тау етегіндегі белдеуде, оның ішінде еңістігі 15 градус және одан жоғары учаскелерде құрылыс жүргізуге рұқсат берілмейді.

Сонымен қатар, бұл талаптар қолданыстағы тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік қызмет объектілерін белгіленген параметрлер шегінде қайта жоспарлау, қайта жабдықтау, қайта бейіндеу, реконструкциялау, жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстарына қолданылмайды.

Қала құрылысын бақылау басқармасының хабарлауынша, тау бөктеріндегі аумақтарда құрылыс салуға қатысты шектеулер алғаш рет Алматы қаласы мәслихатының 2022 жылдағы шешімімен бекітілген.

Бұл құжатқа сәйкес жекелеген тау бөктеріндегі аумақтарда цокольдық қабатты қоса алғанда үш қабаттан аспайтын нысандар салуға ғана рұқсат етіледі. Сонымен қатар еңістігі 15 градус және одан жоғары жер учаскелерінде құрылыс жүргізуге тыйым салынған.

Басқарма мәліметінше, Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс XXXVI сессиясында Әл-Фараби даңғылынан, Саин көшесінен, Шығыс айналма автомобиль жолынан және Талғар тас жолынан жоғары орналасқан тау бөктеріндегі аумақта көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің құрылысын салуға мораторий енгізу бастамасы қолдау тапқан.

Бұл шектеу қала құрылысы құжаттарында қарастырылған әлеуметтік, туристік және инженерлік инфрақұрылым нысандарына қолданылмайды.

Тау бөктерінде 45 нысаннан заң бұзушылық анықталған

Қала құрылысын бақылау басқармасының дерегінше, Бостандық, Медеу және Наурызбай аудандарындағы тау бөктеріндегі аумақтарда жүргізілген жұмыстар барысында 45 объекті тексерілген.

Олардың 28-інде заң бұзушылықтар анықталған. Ал 17 объект бойынша сот шешімдерінің негізінде бұзу жұмыстары жүргізілген немесе қазір жүргізіліп жатыр.

Басқарманың мәліметінше, тау бөктеріндегі бірқатар объектілер бойынша бұзу, нұсқамаларды мәжбүрлеп орындату немесе нысандарды қолданыстағы талаптарға сәйкестендіру туралы сот шешімдері қабылданған.

Сонымен қатар, кейбір нысандарға қатысты атқарушылық құжаттар қазіргі уақытта Әділет департаментінің орындауында жатыр.

Заңсыз құрылыстарға қарсы қандай шаралар қабылданады?

Негіздер анықталған жағдайда жоспардан тыс тексерулер бастамашылық етіледі, әкімшілік шаралар қолданылады, нұсқамалар беріледі және қажет болған жағдайда сотқа талап-арыз жолданады.

Ведомствоның мәліметінше, кейбір объектілер бойынша бастапқы құжаттар бұрын рәсімделгенімен, кейін құрылыс заңнамасының бұзылғаны, рұқсат құжаттарының толық пакетінің болмағаны немесе құрылыс жүргізудің белгіленген тәртібінен ауытқу фактілері анықталған.

Қала құрылысын бақылау басқармасы «элиталық» тұрғын үй кешендерінің немесе табиғатты қорғау аймақтарында орналасқан объектілердің жеке тізілімі жүргізілмейтінін мәлімдеді.

Есеп тек құрылыс салуға рұқсат беру тәртібі мен қала құрылысы талаптарын бұзу фактілері анықталған объектілер бойынша ғана жүргізіледі. Басқарма түсіндіруінше, сәулет және қала құрылысы саласындағы рұқсат құжаттарын уәкілетті органдар өз құзыреті шегінде береді.

Ал Қала құрылысын бақылау басқармасы жеке және заңды тұлғалардың өтініштері немесе өзге де негіздер түскен жағдайда ғана құрылыс заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.

Қызыл сызықтарда немесе қорғау аймақтарында орналасқан объектілер саны туралы ақпарат пен рұқсат құжаттарын жариялау мәселелері жер қатынастары саласындағы уәкілетті органдардың құзыретіне жатады.

Сел, көшкін және жер сілкінісі болса...

Басқарма мәліметінше, құрылыс салудың сел, көшкін және жер сілкінісі тәуекелдеріне ықпалын бағалау, экологиялық, инженерлік және сейсмологиялық зерттеулер жүргізу, сондай-ақ экологиялық сараптама жасау төтенше жағдайлар, экология, сейсмология, сәулет және қала құрылысы саласындағы уәкілетті органдардың құзыретіне кіреді.

Ал Қала құрылысын бақылау басқармасы тек құрылыс заңнамасы талаптарының сақталуын бақылайды.

Ведомствоның хабарлауынша, құқық бұзушыларға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 316, 321 және 462-баптары, сондай-ақ құқық бұзушылықтың сипатына қарай өзге де баптары бойынша әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылады.

Сонымен қатар бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар беріледі. Егер бұл талаптар орындалмаса, материалдар сотқа жолданады.