Алматы тауларында жоғалып кеткен бес жасөспірім табылды
Олардың бірінде тауда демікпе ұстамасы күшейген.
Алматы тауларында бес жасөспірімнің жоғалғаны туралы «112» пультіне хабарлама түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жоғалғандардың бірінің әкесі балалардың 2009 жылы туғанын айтты. Олар Күмбел шыңына көтеріліп, кейін «Үш ағайынды» шыңы маңына (шамамен 3000 метр биіктік) түскен, одан соң кері қайтқан. Осыдан кейін олармен байланыс үзілген. Әкесі бірден құтқарушылардан көмек сұраған, себебі оның ұлы демікпе дертімен ауырады.
Іздеу жұмыстарына Алматы қаласы ТЖД Құтқару қызметінің экипаждары, «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағының мамандары және ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері дереу шықты.
Арада бір сағат өткен соң құтқарушылар топпен көзбен байланыс орнатты: олар шамамен 1,5 шақырым қашықтықта болған.
Дерті асқынған жасөспірім (бронхиалдық демікпе ұстамасы) қар көлігімен эвакуацияланып, Апаттар медицинасы орталығының бригадасына тапсырылды. Қалған төрт жасөспірім құтқарушылардың сүйемелдеуімен жаяу түрде Көкжайлау бағытына түсіп, қалаға жеткізілді.
Апаттар медицинасы орталығының мамандары зардап шеккен балаға заманауи реанимобильде алғашқы көмек көрсетіп, ингаляция жасаған. Осыдан кейін ол үйіне жеткізілді.
Құтқарушылардың жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында топтағы барлық жасөспірім табылып, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ.