30 Қыркүйек 2026, 22:56 Фото: BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Алматы тауларында жоғалған шетелдік турист әлі табылмай жатыр

Іздеу жұмыстарына 50-ге жуық адам, 8 техника, 7 ұшқышсыз ұшу аппараты, 3 кинологиялық есептоп және ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» тікұшағы тартылған.

Алматы тауларында 1953 жылы туған шетел азаматын іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Ол 28 қыркүйекте «Шымбұлақ» аспалы жолы арқылы топпен көтеріліп, кейін маршрутты өздігінен жалғастырып, қалаға жалғыз қайтатынын айтқан. Алайда қонақүйге оралмаған.

29 қыркүйекте оның жоғалғаны туралы «112» пультіне хабар түскен. Сол күні Төтенше жағдайлар министрлігі іздестіру жұмыстарын бастап, Алматы қаласы ТЖД жанынан жедел штаб құрды.

Іздеу жұмыстарына 50-ге жуық адам, 8 техника, 7 ұшқышсыз ұшу аппараты, 3 кинологиялық есептоп және ТЖМ-нің «Қазавиаспас» тікұшағы тартылған. Құтқарушылармен бірге полиция қызметкерлері, Алматы қаласының Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының мамандары және еріктілер де жұмыс істеп жатыр.

Тікұшақ экипажы Сол Талғар, Богданович мұздығы және оған іргелес шатқалдардағы тау маршруттарын, шыңдар мен асуларды әуеден тексерді. Жаяу іздеу топтары жетуі қиын учаскелер мен тау соқпақтарын қарап жатыр. Сонымен қатар бейнебақылау камераларының жазбалары зерделеніп, осы аумақта болған туристерден ақпарат жиналуда.

Іздестіру-құтқару жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатыр. Мамандар күрделі жер бедері мен биіктікті ескере отырып, тау аумағын кезең-кезеңімен тексеруде.