13 Қараша 2026, 08:58 Фото: istockphoto.com

Алматы тауларында үсіп қалған екі турист құтқарылды

Туристер 2 600 метр биіктікте суыққа ұрынып, өздігінен төмен түсе алмаған.

Алматы тауларында суыққа ұрынып, өздігінен төмен түсе алмаған екі турист құтқарылды. Оларға Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері көмек көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ ТЖМ-ге сілтеме жасап.

Оқиға Қарасай ауданында болған. 2003 және 2004 жылы туған екі жас жігіт 2 600 метр биіктіктегі «Терра» алаңы маңында жүрген. Ауа температурасының төмендеуіне байланысты олар таудан өздігінен түсе алмаған.

Алматы қаласының Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының қызметкерлері туристерді экологиялық бекетке дейін алып түсті. Оларға медициналық көмек қажет болмаған. Кейін екеуі үйлеріне өз бетімен кеткен.

ТЖМ өкілдері тауға шығар алдында маршрутты жоспарлап, ауа райы болжамы мен күннің бату уақытын ескеруге шақырды. Сондай-ақ белгіленген соқпақтан шықпай, өз мүмкіндігін дұрыс бағалау қажеттігін еске салды.