Алматы тауларында ТЖМ қызметкерлеріне арналған капсулалық үй ашылды

ТЖМ жүйесінде жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары аясында және қатардағы қызметкерлердің жұмыс жағдайларын жақсарту мақсатында Алматы қаласындағы Үлкен Алматы шатқалындағы Күмбелсу гидробекетінде капсулалық үй ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жаңа капсулалық үйлер теңіз деңгейінен 2000 метр биіктікте, негізгі орналасу орнынан шалғай, қолжетімсіз және таулы аймақтарда жұмыс істейтін бақылаушылардың еңбек жағдайын түбегейлі жақсартуға бағытталған. Мұндай аудандарда су тасқыны мен сел жүру қаупі жоғары кезеңде тәулік бойы мониторинг жүргізу аса маңызды.

Сондай-ақ, Алматы тауларында туристерге жедел көмек көрсету мен әрекет ету уақытын қысқарту мақсатында министрдің тапсырмасы бойынша ТЖМ РЖҚЖ қосымша бақылау-құтқару бекетін ұйымдастыру жүктелді.

Әрбір тұрғын модульдің аумағы 24 м² құрайды және ол үш функционалды аймақтан тұрады: жұмыс аймағы, санитарлық-тұрмыстық және ұйықтайтын аймақ. Барлық қажетті негізгі жиһазбен жабдықталған.

Модуль жеке жылыту жүйесімен, жарықпен және қуат көзімен қамтамасыз етілген, сондай-ақ таулы аймақта қолдануға арналған талаптарға сай оқшауланған және герметизацияланған.

ТЖМ дәстүріне сай, бақылау бекетінің аумағында көшеттер отырғызылды. Осындай көшеттер кеше ғана Алматы облысындағы Тұрген ауылында ашылған Қазселқорғау капсулалық үйінің жанына да отырғызылған болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ТЖМ баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы