12 Шілде 2026, 09:12 Фото: ©BAQ.KZ/Арман Мухатов

Алматы тауларында түнде адасып кеткен үш турист құтқарылды

Құтқарушылар қараңғы түскенде байланысқа шыққан туристерді тауып, қауіпсіз жерге жеткізді.

Алматы қаласының Медеу ауданында 12 шілдеге қараған түні құтқарушылар тауда адасып кеткен үш туристі іздеп тауып, қауіпсіз жерге жеткізді.

Туристер теңіз деңгейінен шамамен 2650 метр биіктікте орналасқан Қара сарқырама маңында бағытынан жаңылып, өз беттерімен төмен түсе алмаған.

Оқиға орнына Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқару қызметінің мамандары жедел жетті. Құтқарушылар туристерді қысқа уақыт ішінде тауып, оларды аман-есен таудан түсірді. Ешқайсысына медициналық көмек қажет болған жоқ.

Төтенше жағдайлар министрлігі тауға шығар алдында бағытты алдын ала жоспарлауға, ауа райы болжамын ескеруге, қараңғы түспей кері оралуды көздеуге, өзіңізбен толық қуатталған ұялы телефон мен қолшам алуға, сондай-ақ қайда баратыныңыз туралы жақындарыңызға алдын ала хабарлауға кеңес берді.