Алматы тауларында құтқарушылар жоғалған туристі тауып, жолай тағы бір туриске көмектесті
Құтқарушылар Проходное шатқалындағы сарқырама маңындағы және Космостанция ауданы аумағына туристерге көмекке барды.
Алматы тауларында бірден екі турист құтқарушылардың көмегіне жүгінді. Бір турист әйел байланысқа шықпай қалғаннан кейін іздестірілсе, екінші турист әйелге көмек туралы хабар іздеу тобы қайтып келе жатқан кезде түскен.
Бұған дейін турист әйел Үлкен Алматы шыңы маңына барып, кейін байланысқа шықпай қалған. Оны ҚР ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының «Барыс» тобы іздеді.
Құтқарушылар Аю-Сай және Проходное шатқалдарын, сондай-ақ Терра және Алёшкин көпірі маңындағы алаңқайларды тексерді. Турист әйел Проходное шатқалындағы сарқырама маңынан табылды.
Табылған турист әйелге медициналық көмек қажет болмаған. Құтқарушылар оны төменге түсіріп, Алматы қаласы ТЖД қызметкерлеріне тапсырды.
Алайда іздеу тобының жұмысы мұнымен аяқталған жоқ. Құтқарушылар кері қайтып келе жатқан кезде тағы бір турист әйелдің көмекті қажет еткені туралы хабар түскен.
Космостанция ауданында екінші турист әйел аяғын жарақаттап алған. Құтқарушылар оқиға орнына бағыт алып, зардап шеккен әйелге алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Одан кейін мамандар оны қауіпсіз жерге түсіріп, Апаттар медицинасы орталығының бригадасына тапсырды.