Алматы тауларында қар көшкінін түсіруге заманауи технология қолданылды
Мамандар тұрақсыз қар жамылғысы мен жауған қарға байланысты қар көшкінін мәжбүрлі түсіру жұмыстарын ұйымдастырды.
Алматы қаласының таулы аудандарында қар көшкіні қаупін азайту мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мамандар тұрақсыз қар жамылғысы мен жауған қарға байланысты қар көшкінін мәжбүрлі түсіру жұмыстарын ұйымдастырды. Бұл үшін Қазавиақұтқару қызметінің Ми-8 тікұшағы пайдаланылып, DaisyBell заманауи газдинамикалық қондырғысы қолданылды.
Жұмыстар Кіші Алматы өзені, Үлкен Алматы өзені және Қотырбұлақ өзені бассейндерінде жүргізілді. Бұл әдіс қар жамылғысының ішінара шөгуі мен тығыздалуына мүмкіндік беріп, қар көшкінінің өздігінен түсу қаупін төмендетеді.
DaisyBell – тікұшақтың астына бекітілетін аспалы жүйе. Оның жұмыс принципі қар жамылғысының үстінде оттегі мен сутегі газдарының қоспасын бақыланатын түрде жару арқылы соққы толқынын тудыруға негізделген. Нәтижесінде тұрақсыз қар массасы алдын ала түсіріліп, қауіпті көшкіндердің пайда болу ықтималдығы азаяды.
Қазіргі уақытта көшкін қаупі бар аймақтарға мониторинг жалғасып жатыр. Қауіпті тау бағыттарына апаратын жолдарға шектеу қойылып, блокбекеттер орнатылған.