Алматы тауларында қар көшкіні жүрді
Алматыдағы «Pioneer» тау шаңғы курортының маңында қар көшкіні жүрді, деп забарлайды BAQ.KZ.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 22 наурыз күні таңертең жылымықтың әсерінен, сондай-ақ жауын шашынға байланысты Қотырбұлақ өзенінің бассейнінде қар көшкіні еріп, қар массасы «Pioneer» тау шаңғысы курортының құрылысына дейін жетті. Таулы кешен жұмыс істемеген, абырой болғанда зардап шеккен адамдар жоқ.
Сарапшылар түскен қар массасының көлемін ауа райы қауіпсіз болғанда өлшейді және есептейді. Айта кету керек, бұған дейін 20 наурызда «Қазселденқорғау» ММ қалалық филиалы Pioneer курорты әкімшілігіне көшкін қаупі және қажетті шаралар қабылдау туралы ұсыныс берген болатын. Жоғарыда аталған мамандардың ұсынысы бойынша адамдардың жүруіне шектеу орнатылған, - делінген хабарламада.
Алматыда 165 қар көшкіні алқабы бар, оның 18-і қауіп төндіреді.