Алматы тауларында аюлар ояна бастады, олардың шабуылына ұшырамас үшін не істеу керек?

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Жануартану мамандары ұйқыдан оянған аю аш әрі өте ашулы болатынын айтады, сондықтан тауға шыққанда оған тамақ беремін немесе  фотоға түсіремін деп жақын бармаған жөн.

Алматыдан 15 минуттық жердегі Іле Алатауы ұлттық паркінде аю, қар барысы сияқты жыртқыш аңдар көптеп кездеседі. Бұған дейін Шымбұлаққа барған туристер қар барысын видеоға түсіріп алған кезі болған. Дегенмен, тауға жиі шығатын азаматтардың жабайы табиғаттағы қауіпсіздікті ескергені де жөн. Осы бағытта Іле Алатауы ұлттық паркі аумағындағы Аюсай визит-орталығында Қоңыр аю апталығы басталды. ҚР БҒМ ҒК Зоология институты, Іле Алатауы ұлттық паркі, Аюсай визит-орталығы бірігіп, наурыздың 15-21 аралығында алматылық жоғарғы оқу орындары, мектеп оқушыларына, орталық қонақтарына жабайы табиғатты аялау және ондағы қауіпсіздік ережелері жайлы дәрістер мен экскурсиялар ұйымдастырып жатыр.

Аю расымен балды жақсы көре ме?

ҚР БҒМ ҒК Зоология институтының териология зертханасының ғылыми қызметкері, Халықаралық аюлар жөніндегі мамандар ассоциациясының (IBA) мүшесі, экология магистрі Санжар Қаңтарбаев  Тянь-Шань қоңыр аюына қатысты қызықты ақпараттарымен бөлісіп, онымен бетпе-бет келгенде қалай әрекет ету қажеттігін айтты.

Оның айтуынша, Алматыдан 15 минуттық  жердегі Аюсай шатқалы аюларға толы. Аюлар бұл жерде 2010 жылдан бастап бой көрсете бастаған, қазір тіптен жиі кездеседі. Пандемия басталғалы тауға шығатын халықтың қарасы көбейген. Отандық туризмнің дамығаны жақсы, алайда ол табиғатқа зиянын тигізбейтіндей болу керек деп санайды ол. Адамдар жабайы жануарлар әлеміне еніп, оны ретсіз пайдаланса жан-жануардың қарсылығына ұшырайтын көрінеді. Дегенмен, Іле Алатауында аюдың адамға шауып, мертіктірген жағдайы бұған дейін тіркелмепті.

Осыдан бір ғасыр бұрын АҚШ-тағы Йеллоустоун ұлттық саябағында туристердің келуі артып, қонақүйлер салына бастайды. Ол жерде де аюлар көп болған. Уақыт өте келе онда қоқыс пайда болады. Аюлар біртіндеп адамдардан қалған қалдықтарды жеп дәмдейді, кейін өздеріне шаба бастайды. Оның арты аюларды атып өлтіруге,  олардың санының азаюына әкеледі. Бұның барлығы табиғатқа дұрыс қарамаудың кесірі. Қазір ол жақта бәрі реттелген, саябақта адамдардың жүруіне арналған соқпақ жолдар қарастырлыған, ол бүкіл парктің 10 пайызын ғана құрайды. Оған қоса рейнжерлер туристердің қоқыс тастап кетпеуін қатаң бақылайды, ол үшін үлкен айыппұл салады. Ал, бізде бұл бағытта әлі де атқаратын жұмыстар көп, – дейді маман.

Қаңтарбаев  сөз арасында аюға қатысты көптеген қызықты мәліметтерді айтып берді. Бір қызығы аю дыбыстарды алдыңғы аяғының алақанымен естіп, сезе алады екен. Ұзақтан көре алмайды, тек алыстан шыққан дыбысқа назар аударады. Бұған дейін аю балды жақсы көреді деп ойлаушы едік, сөйтсек олай емес екен, тек оның құрамындағы балқұрттарды сүйіп жейтінін білдік.

Аю адамға үлкен қауіп төндіреді

Сонымен қатар ол тауда аюды көріп қалған жағдайда оған жақындап немесе тамақ беруге болмайтынын айтты. Аю сіз ойлағандай момын жануар емес, нағыз жыртқыштың өзі дейді.

Аю адамға үлкен қауіп төндіреді. Оның үстіне жабайы табиғат аясында жүргеніңізді естен шығармаңыз. Мейлінше аюмен жолықпауға тырысыңыз, әсіресе түнде жалғыз жүрмеңіз. Таудағы аюлар мекендейтін аумақта жүрсеңіз өзіңіздің келе жатқаныңызды білдіріңіз, дауыстап сөйлеңіз, ән айтыңыз. Егер аю сізді ұзақтан байқаса өзі қашып кетеді, яғни ол жерде аңның барын білмей де қаласыз. Ал, мақсатты түрде шабуыл жасайтын болса аюдан сізді мылтықтың оғы ғана құтқарады. Отпен немесе басқа да тәсілмен қорқытамын деген іске аспайды. Қозғалмай бір орында тұрып қалу, өтірік өлген болып жата қалу деген дұрыс емес. Жаз кезі аюлардың күйлейтін кезеңі, сондықтан олар агрессивті болады. Ол кезде тауда мұқият болған жөн, – дейді ол.

Маман тауға иісі мүңкіп тұратын заттарды апармауға кеңес береді. Аю өте иіс сезгіш, алдымен сіздің тамағыңызға келеді, кейін өзіңізге шабуы мүмкін.

Тауда лагерь құратын болсаңыз тамақтарды жеке шатырға сақтаған жөн. Өзіңізбен бірге иісі қатты шығатын иіссу басқа да заттарды тауға апармаңыз. Оның барлығы аюдың назарын аудартады. Тауға шықпас бұрын нұсқаулықпен танысып, жабайы табиғатта өзіңді қалай ұстау қажет деген кітаптарды бір шолып шыққан артық болмайды. Жабайы аңдар өз аумағына бөгде жандардың келгенін жақтыра бермейтінін есте сақтаңыз, – дейді Санжар Қаңтарбаев.

Тянь-Шань қоңыр аюының ерекшелігі

Іле Алатауының территориясы 199  179 гектар аумақты қамтиды. Парк аумағы қорықтық аймақ, экологиялық тұрақтандыру, туристік және шектеу шаруашылық аймағы деп төртке бөлінген. Осы аумақтың барлығында Тянь-Шань қоңыр аюы  мекендейді.

Іле Аталауы Мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылыми-зерттеу жұмыстары және тау агробиоәртүрлілігі бөлімінің ғылыми қызметкері Тұңғыш Жапарқұлов наурыздың басынан бері аюлар қысқы ұйқыдан оянып, таудан төмен түсіп жатқанын жеткізді.

Ұйқыдан оянған аю жаңадан шығып келе жатқан шөпті, жануарлардың өлексесін қорек етеді. Жаз кезінде аюлар таудың ортаңғы полюсінде жүреді және сондағы қылқан жапырақты өсімдіктерді қорек етеді. Ал, күзде таудың етегіне түсіп жемістермен қоректенеді, оның ішінде бүлдірген, алма, өрік, қарақатты тұтынады, әсіресе долананы сүйіп жейді. Қараша айының соңына қарай тау басына шығып, сонда апан жасап ұйқыға кетеді. Яғни, теңіз деңгейінен 2700-3000 метрге дейін жоғарыда болады, – дейді  Жапарқұлов.

Аю әсіресе лайлы, жұмсақ жерлермен жүргенді жақсы көреді екен. Сондықтан таудан оның ізін көптеп көруге болады. Мамандар Іле-Алатауы паркінде қазір орта есеппен 75-тей аю барын айтады. Тянь-Шань қоңыр аюы 1976 жылы Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Оның бір ерекшелігі өзі қоңыр болғанымен тырнақтары ақ болады екен.

Қоңыр аю өзі жүретін мекенге белгі қалдырады, талдарды тырналап сызып қояды немесе зәр тастайды. Аюлар мекен етіп жатқан жерінен көп ұзаққа кетпейді, қысқа қарай таудың басына көтеріледі, көктемде төмен түседі. Ары кеткенде 2-3 жотадан асуы мүмкін, әйтпесе сол өзінің мекенінде жүреді. Біздің паркте оларға қажетті жеміс-жидек өте мол. Сондықтан да ұзап кетпейді, – дейді ол.

Егер аю үй жануарларына бір рет шабуыл жасап, дәмін татса болды үнемі соны аңдитын көрінеді. Ұлттық парк маманы аюдың қазақы атауларына қатысты қызықты мәліметтерімен де бөлісті. Оның айтуынша, ұрғашы аюды – кірекей десе, баласын – қонжық, ал аталығын – матай дейді екен. Сондай-ақ қонжығын ерткен аю өте қызғаншақ, агрессивті болады екен, оны мазаламаған жөн.

Аю отыз жылға дейін өмір сүреді. Сондай-ақ бар болғаны екі немесе үш қонжықтан артық тумайды. Оның өзінде де өмір сүріп жатқан ортасының жайлылығына қарай балалайды. Өсімдік, жеміс-жидектің шығымы жақсы болса үш қонжыққа дейін өмірге әкеледі, әйтпесе бір немесе екеумен шектеледі екен.  Жыртқыш аңдар шамадан тыс көбеймейді. Оларға конибализм тән, яғни өз баласын жеп қоюы мүмкін. Аталықтары көбейіп кетсе балаларына қауіп төнеді, – деп түсіндірді  Т.Жапарқұлов. 

Халық тауға әлі кәуап пісіру үшін шығып жатыр

Іле Алатауы ұлттық паркіне жыл сайын 200 мыңдай адам келеді екен, ал өткен жылы туристердің саны 300 мыңға дейін жетіпті. Парк аумағына келетін туристер қатары қысы-жазы тоқтамайды. Саябақта 8 өткізу бақылау бекеті және 43 туристік маршруты бар. Жаз мезгілінде адамдардың түнеуіне арналған арнайы палаткалы орындар қарастырылған.

Аюсай визит-орталығының мамандары туристерге тауда жүру ережелерін түсіндіріп, нұсқаулықтар мен мағлұматтар беріп тұрады. Оған қоса тауда оқыс жағдайға тап болған туристер визит-орталыққа келіп алғашқы көмекті ала алады. Орталықта гид әрі кеңесші болып жұмыс істейтін Айым Амангелдиева пандемиядан кейін тауға шығатындар с аны күрт артқанын айтады.

Кейде туристер бір-бірінен адасып қалып жатады. Сондай кезде біздің орталыққа келіп, осында жылынып, күтіп отырады. Мұнда екі-үш соқпақ бар, сол бойынша гид болып істеймін. Адамдардың көбі Аюсай сарқырамасына барғысы келеді, негізі 5-6 сарқырама бар, алайда қауіпсіздік ережесіне сәйкес үшеуіне ғана баруға болады,- дейді ол.

Сондай-ақ ол туристердің тауға шығу мәдениеті әлі қалыптаспағанын, көпшілігі шашлық пісіріп, көңіл көтеру үшін шығатынын айтады.

От жаққан жерде өсімдік өспейді, жануар да келмейді. Сол үшін парк аумағында от жаққандарға айыппұл тағайындалған. Тек, арнайы тасты жерде ғана от жағуға рұқсат етіледі. Тауға келген туристердің көпшілігі міндетті түрде ішімдік ішеді. От жағып шашлық жасайды, артынан қоқыстарын қалдырып кетеді. Соның иісіне жануарлар да төмен түсе бастайды. Біз әр келген адамға ерінбей бұлай жасауға болмайтынын түсіндіріп отырамыз, – дейді гид-кеңесші.

Мамандар Қоңыр аю апталығы аясында жастарға табиғатты аялауды, әсіресе жабайы табиғат әлеміндегі жан-жануарларға зиян келтірмеуді мақсат етіп отыр. Әр бала өсіп келе жатқан өсімдікті тектен-текке жұлмайтын жағдайға жетсе дейді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы